31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.Бұл күн ХХ ғасырдың тарихи шежіресінің ең ауыр кезеңдерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға, рухына тағзым етуге арналған.
Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. Бұл - тарихтан тағылым алып, биік мақсатқа бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі.
Осыған орай, бүгін жылдағы дәстүр бойынша Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен ағартушы ғалым Науан Хазреттің, академик-ғалым Мәлік Ғабдуллиннің анасы Әлия Оспанқызының, халқымыздың біртуар азаматы, ақын Сәкен Сейфулиннің перзенті Аянның рухына құран бағышталып, зиярат етілді.
Алдымен Красный яр елді мекеніндегі Шойынбек Әбілқасым мешітінің бас имамы Науан Мүтәлләпұлы аруақтардың рухына құран бағыштады.Еске алу кешінде қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев аға буын өкілі ретінде естеліктерімен бөлісті.
Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Жәмбек және облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Құдайберлі Мырзабек өткенге ой жіберіп, осы күнге жете алмай, армандап өткен асыл ағаларымызды еске алу, ұмытпау әрбір ұрпақтың парызы екенін, өркениетке қадам басқалы тұрған ел үшін ауыр нәубет жылдардың оқиғаларынан сабақ алу біздер үшін өте қажетті іс екенін атап өтті.
Еске алу іс-шарасы осы зиратта жерленген әруақтарға тағзым ретінде гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.
31.05.2025
Қараулар: 247