Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкерлері 7-8 сәуір аралығында Қарағанды облысы Теміртау қаласына арнайы іс-сапармен келді. Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейі мен Теміртаудағы Тұңғыш Президент орталығы соңғы екі жыл аралығында ынтымақтастық байланыста жұмыс істеп келеді. Жұмыс сапарымыз өзара тәжірибе алмасу мақсатында музейдің экспозициялық залдарын аралаудан басталды.
Металлургтер қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына, Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына арналған «Ұлт мақтанышы» атты танымдық кеш өтті.
Мақсаты: Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен ерлік жолы арқылы жас ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, музей жәдігерлері арқылы қазақстандықтардың екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қосқан үлесін дәріптеу болып табылады.
«Ұлт мақтанышы» жылжымалы көрмесінің ашылуына Теміртау қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ардагер металлургтер мен ұстаздар және мектеп оқушылары қатысты. «Ұлт мақтанышы» жылжымалы көрмесіне музей қорынан жинақталған 20 жуық жәдігер қойылып Теміртау қаласының тұрғындарына насихатталды. Бүгінгі өткен іс-шара сол әріптестік байланысымыздың заңды нәтижесі деп білеміз.
Танымдық кеш аясында көпшілік қауымға музей жұмысы туралы баяндама жасалып, музей қызметкерлерінің күшімен түсірілген «Көштің көркі» бейнебаяны көрсетілді.
Ерекше әсер алған ардагер металлургтер көздеріне жас алса, оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Сондай-ақ, танымдық кешті «Сарыарқа дарыны» атты республикалық пәндік олимпиада қатысушылары мен қала тұрғындарынан барлығы 400-ге жуық адам тамашалады.
08.04.2025
Қараулар: 109