Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Отанды сүю – батырлыққа бастар жол

Отанды сүю батырлыққа бастар жол

(Қазақтың батыр ұлы Мәлік Ғабдуллин бойындағы ерлік рухтың қайнар көзі мен оның дәріптелуі туралы)

Азияның кең байтақ даласында есте жоқ ескі замандардан бері еркін жайлаған түркілердің бүгінгі ұрпағы қазақ халқының күллі тарихы – ерлік пен батырлықтың шежіресі екендігіне қазақтың жүздеген батырлық жырларына қарап сенуге болады. «Жаңбыр жауса – жер ырысы, батыр туса – ел ырысы» деген қазақ халқы туған жері мен елін басқыншы жауларынан қорғау жолында жанқиярлықпен күрескен ерлерін әспеттеп, оны ұрпақтан ұрпаққа ұмыттырмай дәріптеп отырғандығының дәлелі де осы батырлар жыры. Батырлық эпостарды зерттеуді бүкіл саналы ғұмырының арқауы етіп, осы жолда мол ғылыми мұра қалдырған филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллиннің «қазақ ауыз әдебиетінде көлемі үлкенді-кішілі төрт жүзден астам ерлік жыры бар»[1] деп атап көрсеткен екен.Біз ғылыми мақаламыздың арқауын академик Мәлік Ғабдуллиннің осы анықтамасымен сабақтай отырып, батыр тұлғаның қан майданда өзі жасаған ерлік істеріне бастау болған түп негіз туралы қарастыратын боламыз.

Сонымен бірге Мәлік Ғабдуллиннің майданда көрсеткен ғажайып ерлігін дәріптеген қаруластары мен замандастарының, сол заманнан бүгінгі күнге дейінгі жазушылар мен ақындардыңтуындылары арқылы біз қарапайым ғылым адамының, бойынан табылған батырлық рухтың сырын ашуды мақсат ететін боламыз.

1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы 1418 күнге жалғасты.Адамзат тарихындағы ең ауыр осы бір қырғын шайқасқа Отанды қорғау үшін қазақ халқының жарты миллионнан астам ұл-қыздарыаттанды. Қазақ жауынгерлері соғыстың бірінші күнінен бастап-ақ өздерініңқайтпас қайсарлығымен, төзімділігімен, ерен ерлігімен таныла білді.Кеңес жауынгерлері мен қолбасшыларын ғана емес, қарсы шептегі неміс-фашистерін де мойындата алғанындарына тарих куә. Қазақ баласының ерен ерлігіне осындайлайықты мысал бола алатын ерлердің бірі де бірегейі –Мәлік Ғабдуллин болғандығы анық. «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болған жүзден астам қазақтың арасында Мәлік Ғабдуллиннің орны ерекше. Оның да себебі бар: Мәлік Ғабдуллин – осы бір аса мәртебелі атаққа ең алғаш ие болған қазақ азаматы. Сондықтан да Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаровқа Батыр атағы берілген күн – қан майданнан қажыған барша қазақ халқына күш-қуат сыйлаған күн болып тарихта қалды.

Мәлік Ғабдуллин аты аңызға айналған генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығыменТалғарда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының 1075 полкінде ротаның саяси жетекшісі болып тағайындалды. 8 гвардиялық дивизиясының құрамында майданның ең шешуші шайқастарының бірі – ел астанасы Мәскеуді қорғауға қатысып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен атқыштар ротасының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин мен қатардағы жауынгер Төлеген Тоқтаровқа 1943 жылы Кеңес Одағының Батыр атағы берілісімен, бұқаралық ақпарат құралдары олардың ерлігін жан-жақты танытып, насихаттай бастайды.Қаламгерлер мен композиторлар олар туралы түрлі жанрлардағы туындыларын жарыққа шығарып, халық назарына ұсынғандарына сол заманда шыққан басылым беттеріндегі сарғайған тарихпарақтары куә.

1943 жылы 30 қаңтардаКеңес Одағының Батыры атағы берілгеннен кейін,алғашқы болып Мәлік Ғабдоллаұлыныңмайдандас досы, ақылшы ағасы, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлы құттықтап:

«Ел күйзелген кезінде,

Ерлік еткен, бауырым,

Жау жағадан алғанда,

Батырлық еткен, бауырым,

Ел намысын құрметтеп,

Ер намысын ардақтап,

Құтты болсын айтамын,

Шын жүректен, Мәлігім!»[2] -

деген жыр жолдарын арнады.

Сондай-ақ, Мәлік Ғабдуллиннің ерлік жолы туралы алғаш толымды еңбек жазғандардың бірі – Кеңес Одағының бас газеті «Правданың» әскери тілшісі, кейіннен әйгілі жазушы болған Борис Полевой. Газеттің арнайы тапсырмасы бойынша Мәлік Ғабдуллинмен кездесу үшін майдан даласына аттанады. Осы сапарының үлкен нәтижесі – «Эпостың тууы» атты көлемді очерк болады. Кеңес Одағы құрамындағы он бес республикаға түгел тарайтын беделді газет 1943 жылы 2 ақпаннанбұл очеркті жариялай бастаған. Бүкіл майдан даласы, тыл еңбеккерлеріқазақ жігіті Мәліктің ерлігіне осылай қанық болады. Мәліктің батыр бейнесі барша кеңес халқына танылды. «... ол, Мәлік – батыр, әрі күшті, әрі ержүрек, дейді. Қыр түлкісіндей айлакер, ақбөкендей саққұлақ, жау дыбысын қырымнан біледі. Ақтұйғындай қырағы, бұққан жауды қиядан көреді. Болаттай қатты білектері неміс төбеттерін қырудан қалжыраған емес: қанша қырса, сонша күшейе береді. Үрейі ұшқан немістер Мәлікті көрген жерден-ақ зыта бастайды»[3], - деп жазуының өзі ұлтымыз үшін мақтаныш болатын.

Мәлік Ғабдуллиннің ерлігін жырлауға алғаш белсене атсалысқан өнер адамдары арасындағы ерекше бір толқын болғандығынасол жылдардағы баспасөз бен кітаптарды парақтау арқылы көз жеткіземіз. Бұлар – қазақ әдебиетінің ежелгі фольклорлық ұтқыр дәстүрін жалғастырушылар, халық ақындары болатын. Сол заманда Мәліктің ерлігін жырға қоспаған ақын жоқ шығар. Бұл аға толқынның басындажыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өзі тұр. Тоқсан алтыға келген қарт жырау өзіне сәлем бере келген Мәлік Ғабдуллинмен дидарласып, әңгімелесусәтінде әйгілі «Арнау» жырын шығарады:

Батырым Мәлік беренім,

Жүйрігім озған өренім.

Халқы сүйген қалаулым,

Жырымды саған төгемін...[4].

Осылай толғанып жырын төккен Жамбыл жыраудың игі өнегесін жалғастырғандардың қатарында Нұрпейіс Байғанин, Иса Байзақов, Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Сапарғали Әлімбетов, Жақсыбай Жантөбетов, көкшелік ақындар Қалия Жұбандықұлы, Шәкен Отызбаев және т.б. болды.

Халық ақыны Нұрпейіс Байғанин де Мәлік батырдың майдандағы ерлігіне сүйсіне шаттанып, ержүрек қазақтың ерлігін дәріптеген «Қаһарман ұлыма» атты ұзақ толғауын шығарады.

...Мәлігім, елдің ерісің,

Ел намысы серігің.

Ерліктің асқар белісің,

Мақтанысың еліңнің.

Сарыарқа самал жеріңнің,

Атыңды балалар жаттауда,

Ғасырлар бойы сақтауға[5].

Қазақ әдебиетіндегі ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің қатар өкілі болған әйгілі ақын Иса Байзақов Мәлік Ғабдуллиннің ерлік жолына арнап бір жиында табан аузында ұзақ поэма шығарған екен. Бірақ оның толық нұсқасы жетпеген. Бұл поэманың үзіндісінде ақын былай деп толғайды:

Отындай жанартаудың жалын шашып,

Кеткендей сұсыменен жауды басып.

Қазақтың Рүстемі – батыр Мәлік,

Қаһарланса тау сілкер, судай тасып[2, 51 бет].

Мәлік Ғабдуллиннің майдандағы ерлігі туралы жазылған шығармалар арасында жазушы Сәбит Мұқановтың «Батыр бейнесі» очеркін, Саттар Сейітхазиннің «Қаһарман», Мыңбай Рәштің Батыр-дастан»поэмаларын, Әзілхан Нұршайықовтың «Тоғыз толғау» хикаятын ерекше атауға болады. Мәлік Ғабдуллиннің ерлік өнегесін тек қазақ ұлтынан шыққан қалам иелері ғана емес, барша кеңес елінің жазушылары мен журналистері жетпіс жылдан астам уақыт бойы әр қырынан толғаумен келеді. Батырдың майдандас досы Дмитрий Снегиннің «Алтын Жұлдызды асыл дос» мақаласы 1975 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне, әріптесі М.И.Ритманның «Наш Малик» мақаласы «Казахстанская правда» газетіне жарияланады.

Бұл жарияланымдардың барлығында да Мәлік батырдың көзсіз ерлігі жеріне жеткізе баяндалады. Сонымен қатар, батырды сол ерлікті жасауға деген мотив туралы да қарастырылады: «Мәлік Ғабдуллиннің бойынан табылған ерлік рух оның арғы бабаларында жатыр деуге болады. Оны батырдың өзінің сөзімен дәйектемекпіз: «Қарауылдың Құттымбет дейтін бұтағынан тараған қара қылды қақ жарған, Абылайды хан көтерген Қанай би, тілге келсе құтқармайтын, білекке келсе, жығылмайтын айтқыш Бекболат, ақырған даусынан дұшпан сескенген Тілеу, Итқара сынды айбатты ерлер – менің ардақты бабаларым»[6, 32 бет]. Яғни, Мәлік батырдың ерлік рухы оның арғы ата-бабаларынан жалғасқан дәстүр екенін көреміз.

Мәлік Ғабдуллиннің арғы бабасы Қанай би Құттымбетұлы өз заманында Қазақ хандығының бір шаңырағы болған Ташкент қаласының бір қақпасына билік құрған екен. «Ханның қара сыбағасы» деген жыл сайынғы қаржылық түсімді Қанай ұрпақтары бірнеше ұрпақ бойына алып тұрған көрінеді. Мәлік Ғабдуллиннің арғы бабаларының бірі Итқара батыр да ел қорғап жүріп Жетісу жерінде ерлікпен қаза тапқан екен. Батыр бабаларының осындай игі дәстүрлерін, ерлік істерін балалық шағынан құлағына сіңіріп өскен жас Мәлік туған дала төсіндегі әрбір тау мен тастың тарихына да ден қойып, олар туралы шежірелерді көкірекке түйіп өскен екен. Мәліктанушы ғалым, Мәкеңнің соңғы төл шәкірті, профессор Серік Негимов былай деп атап көрсетеді: «Мәкең балалық шағында сері ағасы Бекенмен бірге Желтауда құс салып, аң аулап жүргенде, ондағы Кенесары-Наурызбай бекінісін аталарымның маған қалдырған блиндажы дейді екен»[6, 24 бет].

Міне, осындай ерлік рухты жырлауда халық ақындарымен қатар, қазақ әдебиетінің жаңа заман өкілдері де тартынып қалмапты. Мәліктің ержүректігін, қайтпас рухын танытуда олардың үлкен еңбегі бар.

Жалпы, түйіндей айтқанда, ерлік рухты жырлау, мәңгі есте қалдыру миссиясын алғаш атқарған Мәлік Ғабдуллиннің өзі екендігін атап өткеніміз жөн. «Сұрапыл жылдар» атты кітабының алғашқы басылымының алғысөзінде Мәлік Ғабдуллин былай деп жазады: «...Бұл кітапшада жазылған әңгімелер жазушының қиялынан туған көркем шығармашылық емес. Олар майданда өз көзімен көрген оқиғалар. Мен соларды окопта отырып, соғысып жүріп жаздым... Майданда жүрген қазақ жігіттері қазақ мақтаныш ететін іс істеуде. Олардың батырлық-ерліктері үлкен хикая, жыр болып жазылуы керек. Бұл – ақын, жазушылардың міндеті» [7].

Осы ретте қазақтың әйгілі ғалымы, Мәлік Ғабдуллиннің ұстазы Бейсембай Кенжебаевтың мына бір пікірін толықтай келтіре кетуді жөн санадық: «Қазақ халқының Ұлы Отан соғысы кезінде ер халық атанып, оның ұлы – қызының тамаша ерлік көрсетуі, Мәлік, Төлеген, Асқар, Әлікбай тағы басқалардың Советтер Союзының Батыры деген даңқты атаққа ие болуы кездейсоқ нәрсе емес, тарихи заңды нәрсе. Өйткені, қазақ ежелден ер халық, ерлік қазақ елінің ата – бабасынан келе жатқан дағдысы, ежелгі дәстүрі. Қазақ халқының тарихы жатқан ерлік, ерлік – қазақ халқының салты. Сондықтан, біздердің қай – қайсымыздың болсын қазақтан тудым деп мақтануға, «Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын» (Сұлтанмахмұт) деуге толық правомыз бар.Қазақ халқы, оның ертедегі ерлері өз тұстарында ата-бабаларының туып-өскен жері, отаны Сарыарқа үшін күресіп, ерлік көрсетті.Қазақ халқы, оның ұл-қызы өзінің отанын шексіз сүйеді.Осы сүю, ата – бабаларының ерлік бейнелері оларды батырлыққа, батырлық істер істеуге бастайды» [8].

Ендеше, біз де Мәлік Ғабдуллиннің майданда асқан ерлік көрсетуінің қайнар көзі – өз Отанын, туған жерін шексіз сүюде, ата-бабаларының ерлік дәстүріне деген адалдықта, мәрттікте жатқандығынан деп білеміз. Ерлікке, елдікке шақыратын игі дәстүрлер барында Мәліктей ел қорғаған ерлер шыға беретіндігіне сеніміміз зор.

Аққу Есжанова
М.Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері

Пайдаланылған әдебиеттер

1. М.Ғабдуллин Қобыланды батыр жырын зерттеудің ғылымдық мәселелері. Филология ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін әзірленген ғылыми диссертация. Алматы: ҚазССР ҒА, 1947 ж.

2. Мәлік батыр жыры. – Көкшетау: Келешек-2030, 2012 ж.

3. Б.Полевой. Эпостың тууы. //«Правда», 2 февраль 1943 ж.

4. Ж. Жабаев Ел қадірін біл, балам: шығармалары. – Алматы: Жалын, 1996. 542 б.

5. Н. Байғанин Таңдамалы: өлең, дастан, толғаулар. –Алматы: Жазушы, 1991.-400 б.

6. С.Негимов Мәлік Ғабдуллин. – Алматы: Санат, 2001 ж.

7. М.ҒабдуллинСұрапыл жылдар (Майдан хикаялары). – Алматы: Жазушы: 1972 ж.

8. Б.Кенжебаев Батырлық біздің дәстүріміз. // Социалистік Қазақстан. 1943 ж. 25 февраль. ҚР МОМ № 2040 қор көшірмесі

30.11.2023

Қараулар: 619

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау