9-шы қазан күні көрікті Көкшенің төрінде Алаш зиялысы, аса көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, ақын Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Міржақып мұрасы – Алаш аманаты» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасына қарасты «Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені» қорынан жинақталған Міржақып Дулатұлының құнды жәдігерлері мен мол мұрасы көкшетаулық көрермендерімен табысты.
«Оян қазақ» деп ұрандап, айбарлы алты алаш үшін жанын қиған асыл арыс Міржақып Дулатұлына тән нақты 120-дан аса жәдігердің 70-ке жуығы көрмеге қойылды. Оның ішінде Міржақып Дулатовтың жеке заттары, фотосуреттер мен портреттер, ақталғаны туралы анықтама қағазы мен құжаттары, қолжазбалары мен кітаптары, Міржақыпқызы Гүлнардың пайдаланған заттары бар.
Көрменің салтанатты ашылуында жазушы — драматург, қоғам қайраткері Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, Торғай музейлер кешенінің директоры Сәрсекей Гүлбану Құлетқызына ризашылығын білдіріп, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтбаевтың Алғыс хатын табыстады.
Жас айтыскер ақын, «Күміс домбыра» айтысының жүлдегері Берденбек Мырзат алаш азаматын ұлықтап келген көрермендерге арнауын арнады.
Құнды жәдігерлермен танысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы Жұмабек Хасенов, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат, Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек танымдық көрменің тарихымызды тануда, тұлғаларымызды ұлықтауда және насихаттаудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы Міржақып Дулатұлының «Қайда едің» әні көрермен қауым ерекше ықыласпен тыңдады.
Торғай мен Көкшетаудың қасиетті топырағында дүниеге келген тұлғалардың мол мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпақтың өзегіне рухани нәр сеуіп отырған қос тұлғалық музей бұған дейін де бірталай игілікті іс-шараларды сәтті жүзеге асырған болатын.
Сіздер куә болған танымдық көрме де жылдар бойғы әріптестік байланыстың жемісі.
Сондай-ақ, осы күні құрметті қонағымыз, қарт Торғайдың тарихымен таныстыруға келген Гүлбану Құлетқызы мен музей директоры Мұхамед Мерекеұлы Көкшетаудың таңғы танымдық «Көкше нұры» бағдарламасында қонақта болды.
Торғайлық әріптестеріміздің дайындаған мазмұнды да мағыналы көрмесі ойлы оқырман қауымның көңілінен шықты. Ұлт үшін басын бәйгеге тіккен асыл арыстарымыздың мұрасы Көкшенің төрінде де кеңінен дәріптелді.
09.10.2025
Қараулар: 32