Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Мәліктің мейірімі

Мәлік Ғабдуллин Москвада Кеңес Армиясы жоғарғы саяси басқармасының баспасөз бөлімінде қызмет істеген уақытында, саяси басқарма атынан лектор болып түрлі майдандарда болып, қазақ тілінде шығатын газет жұмысын жақсарту жөнінен ақыл – кеңес береді, газеттің кадрларын іріктеп алуға көп көмегін тигізеді. Ел мен жерді басқыншы жаулардан қорғау жолында ерлік жасаған ер азаматтар жайында газет беттерінде насихатталуына, жауынгерлерге рух беретін шығармалардың жариялануына көңіл бөледі. Моральды жоғары ұстайтын, өз пікірін ашық айтатын Мәлік Ғабдуллин өте адал да әділетті болды. Оған мысал іздесек алдымен аузымызға Дихан Әбіловтың «Майданбек» поэмасы түседі. Майдандық газетке «Майданбек» поэмасынан үзінді жарияланғанда поэма туралы біреу теріс пікір жазады. Поэма авторы орынсыз жазаға кесіліп, әскерден қуылып, соғыс трибуналына берілудің аз - ақ алдында тұрады.

Шарасы әбден таусылған, таң атса ауыр жазаға тартылуға таяу тұрған Дихан Әбілев беймезгіл уақытта Мәлік Ғабдуллинді тауып, болған оқиғаны баяндайды, ал ол болса, тез арада ұйқыдағы жолдастарын оятып алып, дастанды оқып шығып, ақынның бағыты дұрыс екеніне көздерін жеткізеді.

Сонымен таң атқан соң, «Правда» газетінде көп жыл қызмет істеген Дубининнің қатысуымен өткен жиналыста: «әдеби шығармада кейіпкердің ішкі жан-дүниесіне байланысты түрлі толғаныстардың суреттелуі заңды екенін» дәлелдеп, поэма туралы дұрыс та әділ қорытынды шығарады.

Пышақтың жүзінде тұрған өмір әділет жолын тауып, Дихан Әбілов осы поэмасын тез арада бастырып, жауынгерлерге тарату үшін Алматыға бір айға іс сапарға аттандырылады.

Сонау бір жылдары, қанды қырғын, алапат айқастың ортасында жазылған поэманың авторына дер кезінде көрсетілген мейірім-шапағат туралы ақын, жазушы, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов ағамыздың «Мәліктің мейірімі» атты жазған жырын назарларыңызға ұсынамын.

 

Кешегі

Ұлы соғыс майданында,

Қызыл өрт

Қызыл қанның қайнауында,

Бір сапта елмен бірге

Ақын жүрді,

Ажалдың

Амалы жоқ ойнағына.

 

Оңай ма

Ойлы адамға от кешкенде,

Тажалмен

Темір құрсау беттескенде,

Қалайша

Көзден қанды жас төкпейді,

Тілгілеп

Жас кеудені оқ тескенде.

 

Сұм соғыс

Қасіретін қалдырмастан,

Қазақы

Жырға қамшы салдырмастан,

Оғланның өрімталдай

Оқ тістеген,

Жан сырын

Жайып салып жазды дастан.

 

Ұшырып жүрегінен

Жақсы үмітті,

Майдандық

Газетке оны бастырыпты.

Солдаттар

Окоптағы оқып шығып,

Ұнатып

Жанарларға жас тұныпты...

Саяси кінә таққыш

Қырағы көз,

Ақынға

Аңқылдаған қас қылыпты,

Саяси бөлім оны

Шақырып ап,

Бәлені

Неше түрлі жапсырыпты:

 

Қырғыннан

Қанды қасап аман кепсің,

Адамға

Оқ аттық деп,

Жаман бопсың.

Бұл қалай, ақын жолдас,

Түсінбедік,

Қанқұйлы фашистерді

Адам депсің?!

 

Фашистер адам емес,

Аң емес пе,

Аңдардың

Аңсағаны қан емес пе.

Аяусыз қырып-жою

Жауыздарды,

Соғыстың айнымайтын заңы емес пе.

Ол заңға

Зарланатын дәнеңе жоқ,

Керегі

Өршіл рухты ән емес пе?!

 

Кімге тұлға

Мұңайғыш Майданбегің,

Отанға

Осы серттен тайған жерің.

Сөзіңнен

Сарыуайым сезіліп тұр,

Сен өзің

Бұл майданға қайдан келдің?

 

Күйіп тұрған саясат,

Қиқаңыңды

Көтермейді,

Шығарар шиқаныңды.

Кімге

Қандай

Пиғылмен жазып жүрсің,

Күңіренген

Күйреуік күйкі әніңді?

Зар заманның иісі шығатындай,

Тексерерміз

Дұрыстап ми, қаныңды!-

Деп саяси

Жетекші сыздағанда,

Демі бітіп,

Теңселіп

Үй тарылды.

Тірі жан танымастай

Құп-қу болып,

Далаға

Әрең шыққан Диханыңды!

 

Арман, мұрат

Қалғандай күйретіліп,

Тірі өліктей...

Амалдап...

Сүйретіліп,

Мәлікке

Жетті-дағы

Баяндады

Болған жайды

Тілі де күрметіліп.

 

«Өмірдің

Өзекжарды

Жырын айттым,

Өлімнің

Жан күйзелтер шынын айттым.

Адамды

Адам қалай атады деп,

Момынның

Қан көрмеген мұңын айттым.

Саяси кінә тағып.

Сотқа тартып,

Жаусың деп

Жала жауып,

Жойса қайттім?!

 

Байқарсың

Басшыларға сөзің өтсе,

Айтарсың

Ақиқатқа көзің жетсе.

Бірісің

Атқа мінген азаматтың,

Мен үшін

Отқа күйіп өзің кетпе!»

 

Жағдайға

Арғы-бергі жақсы қанық,

Бас шайқап

Ауыр ойға батты Мәлік.

Атылған

Жау атанып арыстардың,

Тағдырын

Оймен шолып өтті Мәлік.

 

Диханға

«Көтер басты,

Түрегел,-деп,

Тәуекел,

Алшаң басып жүре бер,-деп.

Қорғасын

Қорқақтарды тез табады,

Ер жігіт

Көк қанжардай тіледі өрмек.

Аққа құдай жақ деген

Аталарым,

Кінәсіз

Түп-түбінде күледі өрлеп!»-

Деп Мәлік,

Диханға жөн,

Жол көрсетіп,

Штабқа

Сол екпінмен кіреді өрлеп.

Дивизияда

Саяси басқарманың

Бастығы еді

Генерал Дребеднев!

 

Қас батыр сәлем берді,

Көңілі нала,

Қарсы алды,

Қатал бастық қолын ала.

Мән-жайға қанық екен,

Жинап жұртты,

Талқыға салды іңірдің

Соңын ала.

Саяси жетекшілер

Құлақ түрді,

Мәліктің

Сыйлаған соң сөзін ғана,

Әйтпесе пікірлері

Теріс екен,

Диханның

Оятындай көзін қара.

Сөз бастап

Батыр ғалым сабырменен,

Жағдайдың

Айтты түйіп жөнін ғана:

«Майданбек

Совет ұлы, бұл соғысқа

Отанның

Келген жаудан кегін ала,

Өлімнен

Қалай жаны түршікпейді,

Ауылда Еңбек еткен момын бала?!

 

Бұл сөзге

Дейсіз бе ақын,

Барды нағып,

Өзі де қатты өкініп,

Қалды налып...

Жас жігіт

Қан төгістен шошынбай ма,

Көрмеген

Кісі өлтіріп дағдыланып!».

 

«Советтік

Солдат оқтан қорықпайды,

Сарғайып

Сызды окопта зарықпайды.

Түссе де төбесінен тоқсан бомба,

Түңіліп,

Тіршіліктен торықпайды.

Жылаңқы

Майданбектен

Жұғып ертең,

Кеудеге

Кетсе қайттік толып қайғы?!».

 

Бұл сөзін бір саяси

Қырағының,

Қостады

Тағы бірі

Қыран ұлдың.

Қиыны –

Өтірік емес,

Шын айтып тұр,

Өзінің

Ортаға сап иланымын:

 

 

«Қан кешіп,

Жауға найза тірей жүріп,

Көрмеген дұшпан қырып,

Дүлей қуып.

Жас өркен

Поэмадан алып үлгі,

Үрпиіп қалмас па екен

Үрей буып?

Адам деп

Фашисті де аяр болса,

Күш қайтып, жасып жігер,

Жүдейді үміт.

Жайылмай

Тұрған кезде жалпы көпке,

Жою керек

Тамырын күрей жұлып!».

 

Қарамас

Ізгі ниет, парасатқа,

Амал не

Қатал, темір саясатқа?

Өлеңге осыншама мән беріліп,

Тағдыры

Түсті ақынның ғарасатқа.

Мәліктің

Сөз құйылды ар жағынан,

Дегендей

Аруағыңды аласартпа:

 

«Соғыстың

Жан күйдірер өрті күшті,

Өлімнің

Жазылмайтын дерті күшті.

Майданға

Жаңа кірген жас жауынгер,

Жеңбей ме,

Бірте-бірте қорқынышты.

Келе сап

Ер болды деп бір керемет,

Жасырмақ

Қалай ішкі толқынысты.

Әдеби шығармаға

Шындықты айтқан,

Саяси кінә тағу

Өкінішті!

 

Шыңылтыр аязында

Бұл соғыстың,

Шынығып,

Шыңдалады ер серті күшті.

Құрыштай

Суарылып, қайралған соң,

Қиратады

Қандай да бекіністі.

Өлеңге айналмай ма содан кейін,

Еркі күшті ерлердің

Серпіні ішкі,

Советтік солдаттардың

Соққысынан

Сорлаған сұм фашистің

Сорты қысқы!».

 

Қобыланды

Қолтығынан демегендей,

Ұрпағы

Қанай бидің

Еркін ұшты,

Мәліктің бұл сөзіне

Құлақ асып,

Отырған офицерлер серпілісті.

Аталы ердің сөзі

Ой салғандай,

Жымиды

Генерал да беті сұсты:

 

«Өлеңді

Оқтан,

Оттан оздырайық,

Көңілін

Солдат-ақын жаз қылайық.

Екі айға аттандырып ауылына,

Жалғасын

Осы жырдың жаздырайық.

Кітап қылып алып келсін

Алматыдан,

Ерлерге

Окоптағы сөзі лайық.

Алмастай

Жарқырасын ерлік ұран,

Болсын тек

Езі менен жезі ғайып!».

 

Шешімі

Осы болды генералдың,

Туған соң

Енді тыныс кең алар күн.

Қуантты

Мәлік келіп

Ақын досты,

«Фашисті

Сен болмасаң

Жеңе алар кім?!».

 

Қысса да

Қос бүйірден қасап темір,

Қашанда

Адамшылық жасапты өмір.

Қан жауған

Жау шебінде екі қазақ,

Қуанып,

Құшақтасты

Босап көңіл!..

 

Ауылына

Ақын Дихан келді барып,

Күшейтіп

Майданбегін берді жазып.

Шығарып кітап қылып

Алматыдан,

Таратты бар майданға,

Көрді халық!...

 

Басынан

Ер жігіттің нелер өтпес,

Бейнеті

Белден кешкен бекер кетпес.

Атанып

Ақын Әбіл

Дихан баба

Өтті жасап

Жүзге сәл жетер-жетпес!

 

Ел үшін

Жан аямай жанды Мәлік,

Ерлікпен

Жеңіс жолын салды Мәлік.

Ақынды

Тура келген бір ажалдан,

Ақылмен

Аман алып қалды Мәлік.

Азамат,

Батыр,

Ғалым,

Жазушы, ұстаз,

Мәлікті

Ардақтайды мәңгі халық!

Жанат Қажыбай,
М.Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері

21.12.2023

Қараулар: 209

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау