Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық мұрасында «Қазақ баласы» кітабын жазу идеясының көрініс табуы

Қазақ халқының ХХ ғасыр жүзіндегі әдеби — рухани, моральдық-ерлік әлемінде өзіндік өшпестей із қалдырған тұлғалардың бірі – Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллин. Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығын қалың көпшілікке, студент жастарға, мектеп оқушыларына отаншылдықтың, ерліктің, зиялылықтың үлгісі ретінде үнемі насихаттап таныстырып отыру – өз ұлтының, Қазақстан Республикасының ертеңіне үлес қосамын деуші әрбір азаматтың парызы болуға тиісті. Себебі, жастайынан білім-ғылымға ұмтылып, Сәбит Мұқанов сынды ел ағаларының соңына ерген, ел басына күн туғанда отан үшін от кешіп, ұрыс аласының қаһарманы Бауыржан Момышұлымен үзеңгілесе жүріп жаудың бетін тойтарған, майдан өтінде жүріп, қалжыратқан ұрыстан сәл қолы қалт етіп тыным алған сан ұлтың баласына әрқайсысының ана тілінде жігерін шыңдайтын фольклорлық жырларды оқып қайраттандырған, соғыста жүріп-ақ, майдан мен тылдың арасын жалғастырып, ұлтымыздың көптеген зиялыларымен сан жүздеген хаттар жазысып, өлім мен өмір елдескен алмағайып сәттің өзінде туған ұлтының, әдебиеті мен мәдениетінің қамын қаузаған жазбалар қалдырған, майданнан оралған соң ғылым мен білім ісінде өндіре еңбек атқарып, филология, педагогика ғылымдары саласында өшпестей із қалдырған Кеңестер Одағының батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, жазушы, әскери мемуарист фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор асыл жар, абзал әке, айнымас дос болған Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы – кім-кімге болмасын, үлгі-өнеге.

Жоғарыда аталған, одан басқа да көптеген қасиеттері мен өмір жолының белестері негізінде біз Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығына біршама тоқталатын боламыз.

Мәлік Ғабдуллиннің шыққан тегі туралы

Бір — бірін бұрын танымайтын қазақтың жөн білетін баласы, кәрі-жасы бір-бірімен кездескенде: «Қай туған боласың? Тегің кім? Қай жердің тумасысың?» — деген дәстүрлі сұрақтарды беретін әдеті бар. Мұны бірден – қазіргі кезеңде біршама ұлғайған, қазақ қауымының кейбір өлкелерінде, топтары арасында қоғамдық дертке айналған рушылдық, жүзшілдік (трайбализм) дертінің бастауы ретінде қарастырмауымыз керек. Мұнда халқымыздың бауырмалдығы, жөншілдігі, бір-біріне деген сыйластығы, өмірден өткен әйгілі тұлғаларды құрмет тұту сезімі т.б. жатыр. «Е,е, текті атаның ұрпағы екенсің, текті топырақтан екенсің ғой...» — деген пайымдаулар арқылы қазақ әлемі өкілдерінің өзара ұғысуы, үндесуі басталады.

Осы айтылған жөн — жоба бойынша Мәлік Ғабдуллиннің ата-тегін таратып көрелік.

Қазақ қоғамы көптеген тарихи-әлеуметтік, әскери-жаугершілік-басқарушылық, шаруашылық — климаттық, географиялық т.б. факторлардың негізінде Үш жүздік құрылымға бөлінеді. Бұл бөліністің тарихын зерттеушілердің кейбірі көне ғасырлардан іздесе, енді біреулері Тәуке хан заманынан бастау алады деп қарастырады. Үш жүзге қазақтың қырықтан артық рулары кіреді және олардан өзге, жүзге кірмейтін ақсүйектер (моңғол текті төрелер араб текті қожалар) мен төлеңгіттер, сунақтар біртұтас қазақ қауымын құрайды.

Ұлы, Орта, Кіші жүздің ішіндегі ең жан саны молы да, иеленген жер көлемі жағынан да іргелісі – Орта жүз. Орта жүз Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ атты алты рудан құралады. Бұлардан өзге Тарақты руын да Орта жүз құрамында қарастырады.

Орта жүз руларының жан саны жағынан молы – Арғын руы. Сондықтан да, үш жүздің қазағын Ұлы жүз-үйсін, Кіші жүз-алшын дейтініндей, Орта жүз-арғын деп атай береді. Арғын руы екі үлкен тармаққа бөлінеді. Олар – Бес Мейрам, Жеті Момын. Жеті Момын тобына Атығай, Қарауыл, Қанжығалы, Тобықты, Бәсентин, Шақшақ, Саржетім рулары кіреді.

Бұл рулар Жоңғар хандығы жойылғаннан кезеңнен бері шығыстан батысқа қарай Шыңғыстаудан Торғай ойпатына дейінгі, оңтүстіктен солтүстікке қарай Ерейментаудан Батыс Сібір ойпатына дейінгі аралықты біржолата мекендеді.

Аулы аралас, қойы қоралас, жайлау-қыстауы ажырағысыз қатар өскен Атығай мен Қарауыл руларын әдетте, Атығай-Қарауыл деп қосарлай атайды.

«Атығай-Қараулыға олжа салған,

Қыз сағақ, бота тірсек, сандал керім!» — деп әйгілі Ақан сері бекер жырламаса керек.

Кезінде болашақ ұлы хан Абылайдың өзі Сыр бойындағы түрлі бұлғақтардан бас сауғалай қашып, аталығы Ораздың жанкештілігі арқылы Арқадағы осы елге жетіп, басына үй, баурына қазан асып, тарих сахнасына көтерілгені белгілі.

«...Атаңа алты қатын алып берген,

Атығай-Қарауылдың баласымын» — деп, қаһарлы Кенесары ханның алдында жансауға алған Арыстанбай ақынның сөзінде осы оқиға жатыр.

Атығайдан Абылайға сөзін өткізген, саясатын қолдаған, ханның шетелге аттандыратын ресми елшісі болған азулы билер Құлеке, Құлсары батырлар, әрі батыр, әрі шешен Шал ақын, Зілғаралар, Құдайберді, Жәпек, Аңғал сынды батырлар шыққан. Қарауылдан Бұқара-Шәріпте білім алып, ХХ ғасыр басындағы үлкен діни қайраткерге айналған, ұлы Абаймен хат жазысып, пікірлес болған ғұлама Науан қазірет, қазақ халқын үш ғасыр жүзіне әнімен әлдилеп келе жатқан, ғажайып сырлы да мұңлы тағдырымен тамсандырған Ақан сері, ән дүлдүлі Үкілі Ыбырай сынды алыптар шыққан.

Ұлы Мағжан ақын «Батыр Баян» дастанында:

«Ту баста Абылайды хан сайлаған,

Қамқоры Қарауылдың – шешен Қанай», деп жырлаған Қанай би Құттымбетұлы – тек Қарауыл руының ғана емес, үш жүзге мәлім қабырғалы би, хан Абылайдың кеңесшісі, елшісі, кезінде Ташкенттің бектер бегі (мэрі) қызметін атқарған қайраткер тұлға. Қазақтың игі-жақсыларын Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанына жерлейтін дәстүр бойынша, Қанай би Түркістанға жерленген. Қанай би айтты делінетін шешендік айтылымдар бүгіндері әдеби айналымға түскен.

Қанай биден тараған ұрпақтар бүгіндері қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Желтау маңындағы Игілік, Қарабұлақ (қазір Қанай би), Қойсалған, Ұялы, Жамантұз, Ескенежал атты алты ауылының негізін құрауда. Республиканың көптеген қалалары мен елді мекендеріне өмір сүріп жатқан Қанай би ұрпақтары арасында еңбегімен, ерлігімен мәшһүр болған тұлғалар баршылық. Солардың бірегейі – Мәлік Ғабдуллин Қарауыл Қанай бидің тікелей ұрпағы болып табылады. Қанай бидің ұрпақтары арасында Мәлік батырдан өзге көптеген есімі әйгілі тұлғалар туып шыққан. Бұл жөнінде Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі Жанатай Бекенұлының «Қарауыл Қанай би және оның ұрпақтары» атты еңбегінен біліп танысуға болады.

Мәлік Ғабдуллиннің отбасы, балалық шағы.

Мәлік Ғабдуллиннің ата — бабасы қоныс қылған мекені, кіндік қаны тамған жері — Көкшетау биігінің батысынан Зерендіге қарай созылып жатқан, сулы — нулы аласа қыратты өлке. Осынау шұрайлы аймақты ежелден-ақ Абылайды хан көтерген Қанай ұрпақтары мекендеген.

Мәлік Ғабдуллин – Бурабай мен Зеренді көлдерінің ортасындағы Желтау баурындағы Қойсалған аулында, қарапайым шаруа отбасында, Ғабдолла Елемесұлы мен Әлия Оспанқызының екінші баласы болып 1914 жылы 15 қарашада өмірге келеді. Өзінен үлкен Хамза деген ағасы ерте дүние салады. Мәліктің Сәлік деген інісі және екі қарындасы болған.

Жас Мәлікті тәрбиелеу, бағып — қағуда әжесі Мадиянның үлесі зор болса керек. Мәлік Ғабдуллиннің өз қолымен жазылған өмірбаяндық жазбасында мынадай жолдар бар:

«Мен тоғыз жасымда Желтаудағы 4-кластық бастауыш мектепке (1923-1927 жылдары) тұңғыш рет келдім. Менімен бірге Доскен, Досымбек, Әлімбай, Шөкей, Кәбира деген ағайын-туысқандарым келді. Біздер Тілеу ауылы деп аталатын едік. Мұнда мектеп болмайтын. Мені ұлы шешем Мадиян Байбосынқызы ертіп әкелді. Сол бір кезде 68 жаста еді. Әжем Рамазан Нұғыманов деген мұғалімнің қолына тапсырып тұрып: «Айналайын, Рамазан, мына бүлдіршін Мәлкенімді әуелі құдайға, сонан соң өзіңе сеніп тапсырамын, тауға серуендеп кетеді, ұзақ ойнайды, екі ауылдың арасында жүргенде боран-шашынға, ит-құсқа кез бола ма деп үрейленем. Оң көзіңмен, ықылас-мейіріңмен қарай гөр», – деп тапсырды. Рамазан өте сүйкімді, ізетті, қамқор жан еді. Сол ұстазымның нұрлы бейнесін ұмыта алмаймын. Кейін Көкшетаудағы қазақ мектебінде оқып жүрген кезім еді. Балдырған балалық шағымыз болатын. Сонда шәкірттердің аса қадірлейтін, әкеміздей құрметтейтін Нұрмұхамед Көшімов деген аяулы ұстазымыз болды. «Сен мұғалім бол, мұғалім дайындайтын оқу орнына түс» деуші еді.

Бұл кісі қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқыған. Ленин орденімен наградталған...».

Әжесінің мұғалімге айтып, табыстаған сөзінде «тауға серуендеп кетеді, ұзақ ойнайды» деуі тегін емес. Себебі, қиялшыл, әсершіл бала Мәлік жастайынан табиғатқа құмар болған.

«Мәкең балалық шағында сері ағасы Бекенмен бірге Желтауда құс салып, аң аулап жүргенде, ондағы Кенесары-Наурызбай бекінісін аталарымның маған қалдырған блиндажы дейді екен», – деп жазады ғалым С.Негимов. Бұған қарап, болашақ фольклорист ғалымның, айтулы батырдың жастайынан ұлы бабалары туралы даңққа толы әңгімелерді естіп өскендігін байқауға болады.

Анасы туралы Мәлік батыр былай деп жазады:

«Менің анам Әлия деген кісі еді. Ұзын бойлы, әдемі ақсұр адам еді. Одан жеті ұл, үш қыз тудық. Солардан қалғаны мен ғана, өзгелері жасында өлген. Мен өзімнің ұлы шешем Мадиянның қойнында өстім. Бірақ оның маған өз анамды сүюіме бөгеті болған жоқ. Анам да маған мерейлі еді. Кейде ақылын айтса, кейде ақылмен ұрсып қателерімді көрсететін».

Мәлік Ғабдуллиннің бұдан кейінгі оқуы 1924-1929 жылдары №13 ауылдағы бастауыш мектепте, 1929-1931 жылдары Көкшетау қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебінде жалғасады. Көкшетау қалалық осынау қазақ мектебі қазірде облыс, қала көлеміндегі іргелі білім ордасының біріне айналып, өзі оқыған батыр-ғалымның атындағы № 3 орта мектеп атауымен ел игілігіне қызмет жасауда. Мектепте Мәлік Ғабдуллиннің музейі жұмыс істеп, жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулуда өз үлесін қосуда.

Мәлік батырдың өлең — жырға деген құмарлығы, білмекке деген ынтасы тым ерте байқалса керек. Әдеттегі ауыл кешіндегі қисса-дастандарды тыңдау, хат таныған соң үлкендерге оқып беру мектебінен бала Мәлік те өткен. Мектеп қабырғасында оқып жүрген шағында өлең жазумен шұғылдана бастайды. 1931 жылы «Екпінді жас» журналының жетінші санында «Октябрят інілеріме» деген өлеңі алғаш жарияланады.

Жоғарыда атап өтілгеніндей, Көкшетау қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебінде үздік оқыған жас Мәлік 1930 жылы Республика пионерлерінің слетіне қатысады. Осы сапарынан қалған белгі, «Известия» газетінде суреті қоса беріліп, бала Мәліктің болашағынан зор үміт күткен сөздер жазылған, «Көшпелі елдің баласы» деген шағын суреттеме жарияланады. Өзі өмір сүрген сол бір кезеңде кеңес әдебиетінде лениниада атты арнаулы тақырыптағы жанр дәуірлеп тұрғанын ескерсек, Мәлік Ғабдуллиннің де аталған тақырыпқа соқпай өтпегенін байқаймыз.

Бұзба ұйқыңды, ұйықта баба!

Біз келеміз сіздің жолмен.

Кәзіргі Сіз – сіздей дана,

Асырды елді талай белден....., — деп жазады «Ленинге» атты, латын қарпімен жазған өлеңінде. Мәлік Ғабдуллиннің жасөспірім кезінде жазған көптеген өлеңдерінен ізге сақталып жеткені онша көп емес. Әрі, өзінің ақындық, жазушылық бағытқа емес, әдебиеттанушылық, ғалым-зерттеушілік жолында мүмкіндігі мен әлеуеті басым екендігін де ерте сезген болар.

Мәлік Ғабдуллин жастық, студенттік, ҰОС жылдарында

Көкшетаудағы оқуын тәмәмдаған бозбала Мәлік бұдан арғы оқуын сол кездегі ел астанасы Алматыда жалғастыруды жөн санайды.

Кейіннен өзі ректор болып, біршама жыл басқарған Қазақ педагогикалық институтына 1931 жылы (қазіргі Абай атындағы АлМПУ) оқуға түседі. Үлкен ғалымдардың алдын көріп, дәрістерін тыңайды. Мұқтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбанов

Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде өзінің алғырлығымен, білімге құштарлығымен дараланған Мәлік Ғабдуллин 1935 жылы 20 жасында педагогикалық институтты бітіріп шығады. Ұстазы Құдайберген Жұбанов «Он үш жас күш» деген мақаласында өзінің алдынан тәлім алған бір топ айрықша талантты жастардың ішінде Мәлік Ғабдуллинге ерекше тоқталып: «біздің мәдени жұртшылығымыз біліп те қалған» деп атап көрсетеді және Мәлік бастаған жастардың болашағына сеніммен қарайды: «көптің күткеніндей жеміс берер», «алған білімдерін іске асыра алар», «үмітті ақтар, шын жұмыскер болар» деген көрегендік танытады.

Жас маманды Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті «Пионер» газеті редакторының орынбасары етіп тағайындайды. Әдеби сын және ғылыми мақалалар жазады, аударма жасайды. Бұған айғақ – 1934 жылы орыс жазушысы Л.Пантелеевтің «Пакет» шығармасын қазақшалағаны. Хабар-ошарлар жазумен де жүйелі түрде айналысады. Сәбит Мұқановтың 1935 жылы жарыққа шыққан екі томдық шығармаларын әзірлеуге қатысады. Сонда Сәбит Мұқанов: «Осы жинақтарды жинасқан, жөндескен, редакция жасасқан пионер ақынымыз Мәлік Ғабдоллаұлына алғыс айтам» – деп, елеулі еңбегін ескереді. Ол 1931-1935 жылдары ҚазПИ-де оқып жүргенде Қарағанды қаласындағы №1, 18 шахталарда жұмысшыларға хат таныту, мәдени-ағарту істерімен да шұғылданады. Сөйтіп, үлгілі — педагогикалық тәжірибеден өтеді. Сонымен бірге кеншілер шығармашылығымен кеңірек танысқан.

1935-1936 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери міндетін атқарады. 1938 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер болып істеген. Осы уақыттан бастап қазақ әдебиеті тарихы мен фольклор ғылымының мәселелерімен түбегейлі шұғылдана бастаған. Ал 1938 жылдың қазанынан бастап 1941 жылдың шілдесіне дейін ҚазПИ-дің аспирантурасында оқиды.

М.Ғабдуллин И.В.Панфилов бастаған даңқты 8-гвардиялық дивизия құрамында Ұлы Отан соғысына Мәскеу іргесіндегі қанды шайқаста қаћармандықтың асқан үлгісін көрсетіп көрсетіп, Кеңестер Одағының батыры атағын алады.

Мәліктің Ұлы Отан соғысы майданындағы ерлігі қазақ ақындарының қаламына да аңыз болып ілікті.

Бала келсе дүнияға,

Арнап «Мәлік» қойып атын.

«Мәліктей бол» десіп ана

Дабысыңа қызығатын.

Ән аспанға шарықтаса,

Мәлікті айтып көтерілді.

Ақын тілмен жыр толғаса,

Жырына арқау ете білді, – деп жазды Асқар Тоқмағамбетов.

Мәліктің Совет Одағының Батыры атағын алуын өлеңмен құттықтаған Ғали Орманов өзінің және туған халқының ықыласын:

Екі кісі кеңессе,

Әңгіме сен ауызда.

Ел сүйгені емес пе,

Айналғаның аңызға.

Құшақтар ек, сүйер ек,

Қалқам, біраң алыссың,

Тым болмаса бұл жүрек

Хатымыздан танылсын, – деген жолдармен білдірді.

Мұның бәрі қазақ халқының өзінің батырына деген барлық сезімі мен пейілін, оның жауға қарсы күрестегі ерлігіне ризалығын танытады. Халық аңызына герой болып тарау біздің ақыл-ойы толысқан, мифтік ертегілерге сене бермейтін заманымызда оңай да емес. Оған тек қазақ батырының Ұлы Отан соғысы майданындағы аңызға лайық ерлігінің шын жағдайлары ғана мүмкіндік берген.

«Мәліктің өз өмірі – сол батырлықтың үлгісі болса, оның жазушы есебінде жазған кітаптары да майдандас достарының ерлік жолдарын жырлауға құрылды, «Менің майдандас достарым» (1947), «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдан очерктері» (1959), «Сұрапыл жылдар» (1972) атты кітаптары арқылы Мәлік әскери жазушы есебінде танылды. Ол майдан өмірінің қат-қабат шындығын шыншылдықпен бейнелеп, өз жолдастарының ерлік істерін әңгімеледі. Генерал Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғарин, тағы басқалар сияқты Ұлы Отан соғысының азапты жолдарын Мәлікпен бірге өтіп, иық тіресе соғысқан жауынгер азаматтардың әскери өмірі аталған кітаптардың мазмұнын құрайды. Мәлік бұл кітаптарында көргенін тізуші емес, ойлы суреткер ретінде танылады. Әрбір жеке факты соғыс эпизодтары арқылы жауынгер тұлғасын, оның жан-дүниесін ашады, болған істен ойлы қорытынды жасайды. «Бейнет көрмеген берекесіздік жасайды», «Айлалы адам ажалды жеңеді», «Сақтық та батырлық», «Ел намысы — ер намысы» деген мақал-мәтелге, нақыл сөзге айналып кеткен ұғымдарды да Мәлік соғыс тіршілігінің шындығынан туған өмір философиясы ретінде ұсынады.»-деп жазады академик-жазушы, ғалым Серік Қирабаев.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 30 қаңтардағы Жарлығымен Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенде:

Ел күйзелген кезінде,

ерлік еткен бауырым,

Жау жағадан алғанда,

батырлық еткен бауырым,

Ел намысын кұрметтеп,

Ер намысын ардақтап,

Құтты болсын айтамын,

Шын жүректен, Мәлігім! – деп Бауыржан Момышұлы балқаймақ лебізін білдіреді. Тағы бір орайда:

Мәлік Ғабдуллин кешуі қиын жерден қол ұстасып, асуы биік жерден жіп ұстасып өткен жауынгер інім еді, қысылғанда ақылдасқан серігім еді — деп толғанады Баукең.

Ал, Баукеңнің батырлық, ерлік тұлғасын Мәкең былай (1944 жыл, 4 қазан) жырлайды:

Абырой-атақ бойыңда,

Сен халықтың ұланы,

Саңқылдаған қияда,

Сен халықтың қыраны,

Ел аузында аңыз боп,

Атың қалды тарихта.

Келешекте жас ұрпақ,

Көзін салса тарихқа,

Танысып сенің ісіңмен,

Талпынар сендей болуға.

Мәлік Ғабдуллин ақындық өнердің соңына шырақ алып түспеген, алайда ой-сезім дүниесін баураған, жүрегін тербеген батырлық күндердің шежіресін шертуге лайық құбылыстарға лезде ақынша толғанып, ақынша қиыстырып, баяндап отырған. Бұл аталмыш жыр ер Мәліктің каһарлы жылдардың қаһарманы Бауыржанға деген ілтипаты, ізеті, сүйіспеншілігі.

1943 жылдың қаңтарынан бастап 1944 жылдың қарашасына дейін Калинин майданы, сонан соң 1-Прибалтика майданы саяси басқармасының үгітшісі, Кеңес армиясы Бас саяси басқармасының орыс емес ұлттар жауынгерлері арасындағы жұмыс жөніндегі тобының бастығы қызметін атқарады. Батырлық, ерлік және адамгершілік асыл қасиеттерімен ерекшеленген жаужүрек командир, жауынгерлердің жан сезімін өткір сезінетін және Қызыл Армияның тамаша мектебінен өткен саяси қызметкер М.Ғабдуллин қан майданда жүріп «Қызыл жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және «Москваны қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Венаны алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. М.Ғабдуллин майданнан оралған соң, яғни 1946-51 жылдары Алматыдағы Тіл және әдебиет институтында алғашқыда директордың орынбасары, соңынан директоры, 1951-1963 жылдарда ҚазПИ-дің ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне шейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі міндеттерін атқарған.

Мәлік Ғабдуллин таланты қыр сырлы, жан — жақты, әр тарапты. Атап айтар болсақ, ғалымдық, батырлық, азаматтық, жазушылық, сыншылық келбеті, қарым-қабілеті әрі қоғамдық, санаткерлік, қайтаркерлік, ұстаздық қызметі жіктеп-жүйелеп әңгімелеуді қажет етеді.

Мейрамгул Жолаушина, М. Ғабдуллин музейінің ғылымизерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері

13.12.2023

Қараулар: 520

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау