Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Мәлік Ғабдуллин мұрасы – ұрпаққа өнеге

10 қыркүйек күні Көкшетау қаласындағы №12-ші мектепте Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкерлері Ж. Қажыбай мен Э. Ержанованың қатысуымен «Мәлік Ғабдуллин мұрасы – ұрпаққа өнеге» атты конференция өтті.

Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдық мерейтойы мен Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі Қайыргүл Кенжеғалиқызы мен кітапхана меңгерушісі Сәуле Талғатқызының ұйымдастыруымен өткен конференцияда мектеп оқушылары Мәлік Ғабдуллин жайында ғылыми баяндама жасады.

Ал, музейдің ғылыми қызметкерлері Мәлік Ғабдуллиннің ерлік жолы, ғылыми еңбектері, ұстаздық қызметі, әдеби шығармашылығы, батыр мұрасының маңыздылығы жайында кеңінен әңгімелеп, «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрмемен таныстырды.

Мәлік Ғабдуллин – майдангер жазушы, әдебиет зерттеушісі әрі қазақ тілінің мәртебесін көтеруге зор үлес қосқан қайраткерлердің бірі болғандықтан, аға ғылыми қызметкер Ж. Қажыбай «Тіл – халықтың қазынасы» тақырыбында баяндама оқып, Батырдың тіл туралы негізгі көзқарастарын слайд арқылы нақтылады.

Конференция барысында жастар Мәлік Ғабдуллиннің батырлығы – отансүйгіштіктің үлгісі, ғылыми еңбектері – ұлттық рухани қазына, ұстаздық жолы – білімге, ізденіске шақыратын, шығармалары – ұлтты тәрбиелейтін құндылық екеніне көз жеткізді.

Мәлік Ғабдуллиннің ерлік пен ғылымдағы еңбегі – тәуелсіз Қазақстан ұрпақтары үшін биік өнеге. Ол – елін сүйген ержүрек батыр, халық даналығын дәріптеген ғалым, жастарға бағыт — бағдар берген ұстаз ретінде халық жүрегінде мәңгі сақталады.

 

10.09.2025

Қараулар: 65

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау