Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
МУЗЕЙ — ТАРИХ, МУЗЕЙ — ТАҒЫЛЫМ

Музей — өткен мен бүгiнгi тарихтың алтын көпiрi. Ал, мен сол көпiрдiң арғысы мен бергiсiн танығысы келетiндерге аз да болса септiгiмдi тигiзiп, қолымнан келгенiнше шынайы ақпарат беруге тырысып жүрген дәнекер музей қызметкерiмiн.

Мен музейге қалай келдiм…

2007 жылы жаз айында Астана қаласында тұратын сiңлiм Әлия кiшкентай қызы Әсиямен қыдырып келе қалды. Келген қонақтарымды қаламыздың көрiктi жерлерiмен қыдыртып, тарихи, мәдени орындарын аралатайын деп көшеге алып шықтым. Бiраз жерлердi аралаған соң, күннiң ыстығы бар аздап шаршадық. Бұрынғы М.Горький көшесi қазiргi Н.Назарбаев даңғылы бойындағы заманауи үлгiдегi көп қабатты үйлердiң ортасында орналасқан екi қабатты ағаш үйге көзi түскен Әлия: «Бұл не ғимарат? Осы үйге кiрейiк» деген соң, ғимарат есiгiн ашып iшке ендiк. Жаздың аптап ыстығы мен көшедегi көлiк пен адамдардың шуылын артқа тастап iшке енгенде өзгеше бiр күйге түстiк. Музей iшi қоңыр салқын, тып-тыныш, жанға жайлы екен.

Бiздi, өзiн музей қызметкерiмiн деп аты-жөнiн айтып таныстырған жас келiншек екiншi қабаттағы экспозиция залдарын аралатып, бiр сағатқа жақын әр жәдiгердiң тарихына терең бойлап, иесiнiң кiм болғанын дәлелдеп таныстырды. Музейдiң тыныс-тiршiлiгiнен сыр шерткен музей қызметкерiнiң атын ұмытсақ та, санамызда Мәлiк есiмi жатталып қала бердi.

Ал, атын ұмытқан сол музей қызмткерiмен бiршама уақыттан кейiн әрiптес болатыным, жылдар өткенде дос болатыным бiр аллаға ғана аян едi.

Бiз сол күнi Көкше елiнiң тумасы, қазақ елiнiң ардақты ұлы, даңқты батыр, ұстаздардың ұстазы Мәлiк Ғабдуллиннiң тұлғасымен таныстық. Музей қызметкерiне тарихи тұлға туралы дерек пен музей тынысы жайлы танымдық ақпарат бергенi үшiн ыстық ықыласымызды бiлдiрiп, өз жөнiмiзге кете бардық.

Сол қос қабатты ағаш үйге, ай жарым уақыттан кейiн қайта оралуды алла маған нәсiп еткен екен.

Иә, иә музей қызметкерi боламын деген ой, үш ұйықтасам түсiме кiрген емес. Сонымен тамыз айының соңында музей табалдырығын екiншi рет музей экскурсоводы ретiнде аттадым. Әрине жұмыстың тәртiбi бойынша алғашқы айларым сынақ мерзiмi болатын.

Жаңа жұмыс, жаңа қызмет, ұжым жаңа. Сынақ мерзiмi тезiрек өтiп, ұжым менi өздерiнiң қатарына қосса екен деп тiледiм. Дегенмен, бәрi бiз ойлағандай болмайды екен. Жұмысқа қабылданғаныма бiр ай толған күнi қыркүйектiң соңында мен үшiн ауыр күндер басталды. Екi кiшкентай балапандарымның әкесi аяқ астынан ауырып, ауруханаға түстi. Мiне, осы уақытта менiң кiм екенiмдi әлi танып үлгермесе де ұжым шамалары келгенше қолдауға тырысты. Алланың маған берген сынағы басталды. Ол перзентiнiң ауырғанын көрiп күйзелген қарт ата-ананың көңiлiн табу, балаларымды жеткiзу, жолдасымның дертiне демеу болып, орнынан тұрғызу.

Осы мекемеде жүрiп, өмiрдiң сынағын қабылдап алып, қиындықпен күресудi үйрендiм. Оны маған ұжым үйреттi. Олар маған шыдамды, төзiмдi, сабырлы болуды үйреттi. Осы жылдар iшiнде қаншама адаммен әрiптес болдым. Әрқайсысы мен үшiн оқылмаған бiр кiтап, бiр мектеп болды.

Әрбiрiнен кiшкенеге қуануды, азға қанағат, көпке шүкiршiлiк етудi үйрендiм. Менiң бойымда ата-анамнан дарыған бұл қасиеттер болды әрине, бiрақ оны ары қарай еселеген, қайраттандырған, шыңдаған ұжымға рахметiм шексiз.

Мен жұмыс iстеген 13 жылдың iшiнде мекеменi Ләззат Жанатайқызы Әмiрғожина, Ермек Асылзадаұлы Қосубаев, Құдайберлi Рахымбекұлы Мырзабек сынды өз iсiнiң мамандары басқарды. Әрбiр басшы өз кезегiнде, өз уақытында ел мәдениетiнiң дамуына зор үлес қосып, облыс мәдениетi мен музей тарихында есiмдерi жазылып қалды.

Сонымен қатар, Батыр музейiнiң қалыптасып дамуына негiз салған, қазiргi таңда республикамыздағы тұлғалық музейлердiң алдыңғы қатарынан орын алуы жолында алғашқы болып жұмыс iстеген еңбек ардагерлерi, Зерендi ауданының Құрметтi азаматы, М.Ғабдуллиннiң немерелес iнiсi, журналист-жазушы Жанатай Бекенұлы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерi, музейдiң алғашқы директоры Мәриям Кенжеахметқызы Кенжеахметтiң еңбектерi орасан зор. 1995 жылы музейлер бiрлестiгi ашылған күнiнен бастап музейдiң меңгерушiлiк қызметiн өз қолына алған Жанатай ағамыз, Мәлiк батырдың рухын таныту, ерлiгi мен еңбегiн насихаттау жолында тынбастан еңбек етiптi.

Жанатай Бекенұлының ғылыми-ағарту бағытында, ел тарихында iзi қалған тұлғалар туралы көптеген тақырыптарда дайындаған дәрiстерi мен облыстық және республикалық баспасөз беттерiнде жарық көрген мақалаларын, оқырмандар тарапынан лайықты бағаға ие болған «Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрiгi» естелiктер жинағын, Мәлiк Ғабдуллиннiң «Эпистолярлық және шығармашылық еңбектерiнiң» төрт томдығын музейге келген бетте Мәлiк Ғабдуллиндi тану үшiн бас алмай оқыдым.

Жеңiстiң 60 жылдығы мен М.Ғабдуллинге 90 жыл толуына орай музейдiң жаңа ғимаратының салынуына және экспозиция залдарының ғылыми тұжырымдамасын жасауда, музей қорын толықтыруда музейдiң негiзiн қалаушы Мәриям Кенжеахметқызының еңбегi мен ерiк-күш, жiгерiн айтпауға болмайды.

Ұлтына, оның болашағына қалтқысыз қызмет етудi өздерiнiң асыл мұратына балаған Жанатай аға мен Мәриям апай облыстың музей саласында еңбек ететiн әрiптестердiң барлығы үшiн үлгi тұтатын ұстаз. Өздерi негiзiн қалап, жол салып кеткен музей мұрағатында ардагерлердiң қолжазбалары, құжаттары, дәрiстерi мен мақалалары, кiтаптары, фотосуреттерi сақтаулы.

Сондай-ақ, музейдiң «Даңқы өшпейтiн дара тұлға» атты төртiншi экспозициялық залында, ардагерлерiмiздiң фотосуреттерi мен жоғарыда аталған еңбектерi қойылған. Келген қонақтарға көрсетемiз, таныстырамыз, мақтаймыз әрi мақтанамыз.

Менiң өзiм Мәриям Кенжеахметқызынан тек қана мәдениет, музей саласында ғана емес, өмiр сүрудiң де өмiрлiк тәжiрибесiн жинақтадым десем болады. Жұмысқа ендi ғана орналасып, ұжыммен жаңа ғана танысып жатқан уақыттағы басыма түскен ауыртпалықтан көз жасыма ерiк берiп, қиналған сәттерiмдi көрген Мәриям Кенжеахметқызы: «Сен музейге экскурсовод болып қабылданғансың. Экскурсовод музейдiң бет пердесi, айнасы. Сенi көрген келушi сен арқылы музейдi көредi, сен арқылы музейдi таниды. Сен қиналған түрiңдi келушiлерге көрсетуге қақың жоқ. Сен музейдiң табалдырығын аттаған сәттен бастап тарихшысың, әдебиетшiсiң, актерсiң, әншiсiң, психологсың, қысқасын айтқанда, әлемде қанша мамандық бар соның барлығы сенiң бойыңнан табылу қажет. Басыңнан өтiп жатқан жағдайды әрбiр келушiге түсiндiрiп тұрмайсың. Сондықтан адамға керi әсер ететiн көңiл-күй музейдiң сыртында қалу керек», -деп қатаң талап қойды.

Әрине, сол кезде мұндай талап мен үшiн өте әдiлетсiз болып көрiндi, дегенмен бұл жұмыс маған дәл сол уақытта ауадай қажет едi, сондықтан бағынып, талапты орындауым керек. Сол сәттен бастап мен өзiмдi қолға алып, iстеген iсiме құрметпен қарауға тырысып, өзiме қатаң талап қойып және оны орындауды үйрендiм. Сонымен Мәриям апайымнан қатты да қатал болуды, бiрақ әдiлеттi болуды, ал Мәлiктей абзал жанның, жақсы адамның жанында жүрiп, тәлiм-тәрбиесiн алған Жанатай ағадан Батыр атамыздың адами асыл қасиеттерiн естiп, өмiрде ақырын жүрiп, анық басуды, сабырлы болуды үйрендiм.

Осындай еңбек ардагерлерiмен иық тiресiп еңбек етiп, жұмыстың ыстығы мен суығын бiрге сезiп, ауыры мен жеңiлiн бiрге көтерiп, қиындығы мен қызығын бiрге көрген, қазiргi уақыттағы әрiптестерiм бас қор сақтаушы Серiкжан Құдайбергенқызы, ғылыми зерттеу бөлiмiнiң аға ғылыми қызметкерi болып iстеген Күнсұлу Меңдiбайқызы, музей қараушысы Гүлмира Балтабаева, қазiргi таңда басқа салада жұмыс iстеп жүрген Қалиев Бауыржан мен Айгүл Рамазанқызымен музей жұмысын бiрге атқара жүрiп көп нәрсенi үйренiп, тәжiрибе жинадым.

Әсiресе алғашқы жылдары күннiң ыстық-суығына қарамай қала мектептерiнде iс-шара өткiзуге, дәрiс оқуға Қалиев Бауыржанмен мойынға фотоаппаратты iлiп алып, «Ғажайып өмiр баспалдақтары» деп аталатын көрменi екi-екiден бөлiп иығымызға асып, қала көшелерiмен жаяу кететiн кезiмiз көп болды. Ол кезде қазiргiдей музейдiң жеке көлiгi жоқ. Мен қаланы аса жақсы бiлмеймiн және автобусқа мiнуге ақшамыз аз, сондықтан жаяу жүретiн едiк. Бауыржан жылдам жүретiн, оның соңынан тек жүгiрiп отыратын едiм, кейде кiлт тоқтап бұрылып кеткенде мен бұрылыстан өтiп кететiнмiн. Ондайда Бауыржанның кезектi бiр күлкiсiне ұшырайтын едiм.

Iс-шара ұйымдастырғанда 100-200 шамасында шақыру қағазын шығарып, оны бәрiмiз бөлiп алып, жаяу жүрiп тарататынбыз. Қазiргiдей заманауи ұялы телефон жоқ, «новигатор» дегендi тiптi бiлмеймiз. Менiң новигаторым музейден шықпай тұрып қай мекеме қай жерде қағазға суретiн салып, бағытымды сызып аламын. Содан ауа-райының қолайсыздығына қарамай жүгiретiнбiз. Бұл менiң музейдегi қызығы мен қиындығы қатар жүрген өмiрiмнiң беттерi.

Экскурсияға келген кiшкентай бүлдiршiн мен еңкейген қарияға, түрлi саланы игерген ғалымдар мен өнер-бiлiм қуған жастарға, қарапайым еңбек адамы мен әскери сала мамандарына, түрлi ұлт өкiлдерi мен елге келген туристерге экскурсия жүргiзiп тұрғанда бойымды мақтаныш кернейдi.

Себебi мен елiмнiң, жерiмнiң, Отанымның тарихын, тұлғасын таныстырып тұрмын. Шет елдiк турист келгенде шiркiн-ай, музей туралы, Мәлiк атам жайында бар бiлгенiмдi соның тiлiнде түсiндiрiп жiберсем ғой деп армандаймын. Сол арманымды бiздiң ұрпағымыз жалғастырып, өзiнiң ана тiлiн алдымен бiлiп, содан соң басқа тiлдерде көрiктi Көкше туралы, Мәлiк батыр жайында сайрап тұрса екен деймiн.

Ләззат Жанатайқызының басқа қызметке ауысуына байланысты музей басшылығына бiрқалыпты, байсалды, өте сыпайы Ермек Асылзадаұлы Қосубаев келдi. Ол кiсiнiң басшылығымен музейдегi iс-шаралар өз деңгейiнде, облыс музейлерiнiң алдыңғы қатарында, кезегiмен атқарылып жатты. Ол уақыттың да өзiндiк жақсылығын көрiп, сабырмен жұмыс iстеуге дағдыландық.

Ермек Асылзадаұлы қарамағындағы қызметкерлерден тек қана жұмысты қана талап етпей, олардың әлеуметтiк жағдайына да назар аударатын басшы бола бiлдi. Мәдениет саласында еңбек етiп жүрген әрiптестерiмнiң баспанасыз жүргендерi қаншама… Солардың бiрi Күнсұлу Меңдiбайқызының мәселесiн облыс басшысына жеткiзiп, пәтерге қол жеткiзуiне ең алғаш себепкер Ермек Асылзадаұлы болатын.

2012 жылы маусым айында музей басшысы болып, бiзге дейiн елiмiзге айтыскер-ақын ретiнде танылған Құдайберлi Рахымбекұлы Мырзабек келдi. Құдайберлi Рахымбекұлы музей жұмысына жаңа жобаларымен, жаңа қарқынмен, алапат тасқынмен келдi. Шынын айтқанда шығармашылық ойлары мықты, идеясы зор басшыға алғашқы кездерi iс жүзiнде де, қағаз жүзiнде де iлесе алмай қалған уақыттар болды. Музейде сол жаңа идеялардан жаңа жобалар бiрiнен соң бiрi жүзеге аса бастады. Ғылыми-зерттеу, тәжiрибе алмасу мақсаттарында iс сапарлар, iс-шаралар жоспарланып, атқарылып жатты. Бiр-бiрiне жалғасқан, бiрiн-бiрi толықтырған бастауы бар, шарықтау шегi керемет, соңы қимастыққа жалғасқан қаншама iс-шаралардың ортасында болып, бiрлесе жүзеге асырдық. Танымдық, тағылымдық, насихат жұмыстар нөпiрi тоқтамады. Қысқа ғана жазылған дәрiс көлемдi iс-шараға, көлемдi iс-шара ауқымды жобаға айналып жатты.

Алдымен ұлт болашағы — ұрпақ тәрбиесiне қатысты жобаларды жоспарлы жүргiзiп, жүзеге асыру үшiн терең қарым-қатынас, тығыз байланыс орнатылып, бiрлескен жұмыс жүргiзу қолға алынды.

Ал бұл жұмыстың шешiмiн облыстағы бiлiм, спорт басқармаларымен, әскери департаментпен, мемлекеттiк емес мекемелермен, қоғамдық бiрлестiктермен, соғыс, еңбек, ауған соғысы ардагерлерiнiң ұйымдарымен ынтымақтастық меморандумдар жасау арқылы табуға болатынын басшы көре бiлдi.

Осы жылдар iшiнде ең бастысы музейдiң ғылыми қызметкерлерi Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi және елiмiзбен шектесiп жатқан Ресей жерiндегi Омбы, Түмен облыстарындағы музейлерде болып, өзiнiң бiлгенiн өзгеге үйретiп, өзгенiң жақсысын өзiне сiңiрiп, үлкен тәжiрибе жинады.

Түрлi iс-шаралар, конференциялар, форумдар, кездесу кештер, дөңгелек үстелдер, дәрiстер ұйымдастыра жүрiп қаншама мекеме есiгiн ашасың, байланысқа шығасың, адамдармен кездесесiң, танысасың, араласасың. Осындай жұмыстардың арқасында Мәлiк атамыздың соғыстағы сарбаздарындай бiр сапта қатар жүрiп, барлық жұмысты менiкi, сенiкi демей бiрге атқарған қаншама әрiптестерiмдi музей тәрбиеледi, шыңдады, өсiрдi, биiктерге жетеледi, қанаттарын қатайтып, өмiрлiк тәжiрибе берiп қияға самғатты.

Қат-қабат жұмыстардың бел ортасында жүрiп өсiп-өнген, өнерлерiмен өрге жүзген, құлаштарын кеңге жайған «бал ұстап, бармағын жалаған» омарташы Исмаил Құттыходжаев, бiлдей бiр ауданның мәдениетiне үлесiн қосып жүрген ақын Құрмет Құралхан, облыстық ғылыми-әмбебап кiтапхана директорының орынбасары ақын Қуаныш Оспан, облыстық телевидение саласының майталман тележүргiзушiсi Абзал Балтабаев, Қазақстан телеарнасының мықты тiлшiсi Раушан Сайлау, қала музейлерiнiң белдi қызметкерлерi Күнсұлу Нұрғалиева, Нұрболат Әлменов осы қазаннан қайнап шыққан менiң әрiптестерiм.

Ия сонымен, 2019 жылы мекеме тасын өрге сүйреп жүрген, өз iстерiнiң шеберлерi, жан-жағындағыларға үйретерi бар мақтанышпен, құрметпен қарайтын әрiптестерiмнiң күш-жiгерiнiң арқасында, бiлiктi басшы бiз қосшы болып, музей ғимаратының күрделi жөнделуiне атсалыстық. Музейдiң экспозиция залдарына реэкспозициялық жұмыстар жүргiзiлiп жаңа мазмұнда жарқырап қайта ашылып, өзiнiң көрерменiмен, қонақтарымен қайта қауышты. Бiрлiк бар жерде тiрлiк бар деп атам қазақ тегiн айтпаса керектi. Мұның барлығы айтуға оңай, бiрақ бiз бұл жұмыстарды бiлiмiмiз бен бiлiктiлiгiмiздiң, бiрлiгiмiздiң арқасында игердiк.

Алдағы уақытта да Мәлiк атамыздың ғибратты өмiрiн насихаттай жүрiп, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен iстер атқарып, биiк белестердi бағындырамыз, еселi еңбек етемiз. Өйткенi бiз бiргемiз!

Жанат ҚАЖЫБАЙ,

М.Ғабдуллин музейi

қор бөлiмiнiң ғылыми қызметкерi

23.04.2021

Қараулар: 729

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау