Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
МӘЛІКТАНУ ҒЫЛЫМЫНА ҚОСЫЛҒАН СҮБЕЛІ ҮЛЕС

18 желтоқсанда Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде әдебиеттанушы — ғалым, ҚР Ақпарат саласының үздігі Асылбек Байтанұлының «Мәлік Ғабдуллин.Ғибратты ғұмыр» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Асылбек Байтанды көкшеліктер Мәлік Ғабдуллин музейінде қызмет істеген уақыттан бастап батыр тұлғасын ұзақ жылдар бойы дәріптеп, еңбектерін зерттеп — зерделеген, қолынан қаламын тастамаған ғалым, қазақ руханиятының жанашыры деп біледі.

Танымдық еңбекке автордың Мәлік Ғабдуллин туралы зерттеулері, музейде қызмет істеген жылдардағы тағылымды іс-сапарларының баяндамалары, естеліктері енген.

Іс-шараның модераторы, М.Ғабдуллин музейінің директоры М. Қонқаев қатысушы қонақтарды таныстырып, автордың музейде жұмыс істеген жылдардағы еңбегін ерекше атап өтті.

Құттықтау сөздің шымылдығын ашқан жазушы — драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы жарық көрген кітаптың – Мәліктану ғылымындағы ұзақ ізденістің, терең ой мен табанды еңбектің жемісі дей келе, кітап авторы Асылбек Байтанұлына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың ықылас хатын табыстады.

Қоғам қайраткері Мұрат Ыдырысұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік — мәдени — даму жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ардақ Қайыржанұлы, М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, тілдер және психологиялық дайындық кафедрасының профессоры, полковник Сандуғаш Кенжебекқызы құттықтау сөз сөйлеп, кітап авторына ризашылықтарын білдіріп, сый — сияпаттарын тапсырды. Көкшетаулық достары Асылбек Байтанұлының иығына шапан жауып, ақ тілектерін жаудырды.

«Мәлік Ғабдуллин. Ғибратты ғұмыр» атты еңбектің тұсауын Жабал Ерғалиев, Мұрат Ыдырысұлы, Аманжол Есмағұловтар кесіп, ақ баталарын берді. Осылайша, кітап қалың оқырманға жол тартты. Университет қабырғасындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы клуб мүшелері Батырға арналған Төлеген Қажыбайдың, Қапан Сатыбалдының арнау өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Кітаптың тұсаукесер рәсімі дәстүрлі әнші Мұрат Әлібидің орындауындағы «Көкшетау» әнімен қорытындыланды.

Асылбек Байтанұлының бұл еңбегі Мәліктану ғылымына қосылған жемісті еңбек, қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына қосылған сүбелі үлес деп білеміз.

26.12.2025

Қараулар: 77

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау