Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Хаттар сөйлегенде...
Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин музейінің
қорында екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы жазған хаттары
сақтаулы тұр. Уақыт табымен сарғайған саналуан хаттың салмағын
екшесеңіз, ел мен ерлік жайында. Ұлы достық пен ұлағатты паш
ететіндей.
Қанқасап майдан ортасында жүрсе де ел жайы, болашағы, ер-
азаматтарының көзқарас, пайымы есінен шықпаған. Хат дерегін сараласаңыз,
Д.А.Қонаев, Б.Момышұлы, Ж.Шаяхметов, А.Нүсіпбековтермен қатар,
әдебиет майданының алыптары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтермен
хат арқылы тілдескен, өз көңіліндегі көрікті ойларды жайып салған пейілінен
аңғарасыз. Мемлекеттік маңызы бар әлеуметтік мәселелер басым. Тұнық
ойдың түпқазығы ел болашағын жарқын етуді меңзейді.
Музей қорындағы хаттардың басым бөлігі Бауыржан Момышұлымен
жазысқан хаттар. 1941 жылы Алматы қаласының түбінде жасақталған 316-
атқыштар дивизиясы (командирі генерал-майор И.В.Панфилов) құрамында
майдан шебіне аттанған қос батырдың таныстығы осы кезден басталып,
соңынан үлкен достыққа ұласады.
Соғыс жағдайына байланысты үнемі бетпе-бет жүздесіп, пікір алмасып
отыруға мүмкіндік болмағандықтан, қос батыр өздерінің аман-саулықтарын,
түрлі тақырыптағы ой-пікірлерін хат арқылы бір-біріне жолдап отырған.
Бізге жеткен хаттардың жалпы саны 300-дей екендігін ескерсек, екі тұлға
арасындағы байланыстың қаншалықты тығыз екендігін аңғаруға болады.
Хаттар негізінен төте жазумен және латын графикасымен жазылған. Оқыған
кезде майдандас аға мен іні арасындағы сыйластық пен қамқорлықтың жүрек
шымырлатар ыстық лебі есіп тұрғандығын санамен салмақтауға болады.
Мәлік Баукеңнің өзіне ғана емес, оның отбасымен де жиі хабарласып,
Баукеңнің амандығын майдандағы ахуалды хат арқылы жеткізіп тұрған.
Мәлік Баукең үйіндегі Жамал жеңгесіне жазған бір хатында:
«Қадірлі Жамал! Жазған хатыңызды алдым. Аманшылық білдіргеңізге
ризамын. Алдағы күнде де хат жазып тұрысалық.
Мен де аман саумын. Қызмет бұрынғы орынша. Баукең де аман, ол кісі
подполковник атағын алды. Осы атағымен Сізді де құттықтаймын. Баукең
«Осы подполковник дегенді қазақша бұлжытпай аударса қызық-ау», – деп
күледі. Кейбір қол тиген уақыттарда Баукеңе барып екі үш күн қонып жатып
қайтам, күн-түн отырып әңгіме соғамыз. Бұл майдандағы достықтың белгісі
ғой. Майданда қанмен бекіскен достық жолдастыққа ешнәрсе де тең
келмейді.
Мен жазушы болмасамда қазақ халқы, оның тарихы үшін керек деген
оймен соғысқа қатысып жүрген қазақ жігіттерінің ісін жазып жүрмін. Қазақ
халқы бұрын мұндай жойқын соғысқа араласып атағы шыққан ел емес қой.
Мына соғыс қазақтың кім екенін көпке танытты. Олай болса қазақ жастары
жайында жазылуы керек, олардың майдандағы еңбегі бағалануы керек. Осы
мақсатпен мен «Қазақ баласы» дегенді жазудамын, өзі көп нәрсе, бірақ
көркем шығарма емес, тек фактілер, эпизодтар, соғыс майдандағы ерлердің
ісі. Мұнда 12 қазақ жігіті жайында айтылады. Оның бастығы Баукең болады.
12-нің ісі, ерлігі әр түрде көрсетілген. «Қазақ баласы» деп аталуына себеп
мынау: кешегі Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай, бүгінгі Жамбылдар
да қазақ баласы, олар да халқы үшін қызмет істеп, тарихқа атын қалдырды.
Олардың кейінгіге қалдырған ісі, өсиет-өнегесі, өнері бар.
Ал, бүгінгі Бауыржан, Сламқұлов, Бозжановтар да қазақ баласы, бұлар да
халқы, ел-жұрты, ағайын достары үшін төсін оққа ұстап, неміс фашистеріне
соққы беруде, ерлік өнерлері де көп. Бұлар да қазақ баласы. Ендеше бұлар
жайында да жазылуы керек. Осы мақсатпен «Қазақ баласы» деп көп
материалды жинап жаздым. Мұнымды Сәбит пен Мұхтардың біріне
бермекпін. Роман етсін деген ой бар.
«Менің майдандағы достарым» деген күнделік дәптерден алынған үзінді
әңгімелер «Социалистік Қазақстанның» 16, 20, 22 сентябрьдегі санында
шыққан. Оқыған боларсыз. Онда Баукең жайында да айтылады.
Құрманбек аман сау жүріп жатыр. Бірқыдыру әңгімем осы. Тағы хат
жазам. Бақытқа көп сәлем. Жолыққанша хош сау болыңыз.
Сәлеммен Мәлік».
14.11.42 ж.
993 полевая почта,
часть 612, Габдуллину М.
Мәлік Жамалға жазған хаттарында үнемі Баукеңнің ерлік істерін,
азаматтығын, қайсарлығын тамсана айтумен болады:
«Мен бұрын
Бауыржанды, шынын айтқанда, білмеуші едім. Ол екеуімізді таныстырған
жер – көкала түтіні бұрқыраған майдан болды. Батырлық, ерлік, өжеттік
– бір кісінің бойында болатын қасиет емес. Сол сияқты, мінезі мауа, көңілі
шат, мінезі мейірімділік қасиет те екінің бірінде бола бермейді. Адамдағы
осы екі қасиет бір кісінің тұлғасынан табылуы өте сирек. Бірақ, осы екі
қасиеттің екеуі де Бауыржанда бар. Мен мұны жақсы білемін. Мен
жазушы адам емеспін. Егер жазушы я ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп,
көкала дарияны сия етіп «Батырым Бауыржан» деген хикая да жазған
болар едім» дейді жеңгесіне ішкі сырын ақтара отырып.
Баукең мен Мәліктің арасындағы хаттарды оқыған кезде қос батырдың бір-
біріне деген құрметі мен сыйластығының куәсі боласың. Мәлік хатын
«Қадірлі Бауке!», «Баукеш!», «Ардақты Баукеш!» деп бастаса, ағасы
Бауыржан оған «Мәлігім!», «Қара тентегім-Мәлігім!» деп жазады.
Тағыда қос батырдың жазысқан хаттарына назар аударайық:
Ардақты Бауке! Аманшылық. Нүсіпбеков арқылы жолдаған хатыңыз бен
суретіңізді алдым, көп рахмет. Бұдан бұрын бір хат жазып, жолдағам,
алған боларсыз. Менің баяндамам осы айдың 21-інде болады, оған берген
уақыты екі-ақ сағат. Осындай қысқа уақытта бүкіл қазақ халқының
өткендегі және бүгінгі ерен батырлық традициялары туралы айтып шығу
қиын да болады-ау деп отырмын. Сондықтан мен баяндаманы қағазға
жаздым, осы хат жазып отырған қағаздай үлкен 35 бет болды, Баяндамада
мыналарды көрсеттім:
1
Қадірлі Отан соғысы майданында жүрген айтулы батыр
қазақтардың ерлігі, батырлығы, отанды, ел-жұртты сүйсіндіруі және
олардың ар-намыс, абырой дегенді қас жаумен жауынгерлерше соғысуы.
Бұларға нақтылы-нақтылы дәлелдер көрсеттім. Осы сияқты ерлік
жасаушылықтар бүгін ғана пайда болды ма? Жоқ, ол халық жасағаннан
бері келе жатқан салт-дәстүр дедім де тарихқа қарай қол создым.
2
Қазақ халқының батырлары Едіге, Қобыланды, Ер Тарғын тағы
басқаларының халық үшін, халықтың бостандығы, бақыты үшін
соғыстары. Бұл батырлар біздің мақтанышымыз.
3
Қазақтың халық батырлары Есім хан, Қасым, Тәуке, Сырым Датов,
Исатай, Махамбет, Кенесары, Есет, Бекет, Амангелділердің ерлік істері.
Олардың соғыстары, батырлықтары. Сол кездердегі әлеуметтік хал-
жағдайлары, ел тұрмысы, қысқасы жағалай шабыс құба қалмақ заманынан
бастап Октябрьге дейінгі, қазіргі ерлік істер. Бұлардың бәріне көптеген
тарихи фактылар, дәлелдемелер келтіріп, жырлардан үзінді енгіздім және
олардың істеген істеріне өзімше түйінді қорытындылар жасаған болдым.
Шоқан Уәлиханов пен Абай туралы да айттым. Қысқасы аузымды толтыра
қазақ баласы, қазақ елі батыр ел, ол сандаған жауын жеңген, керемет
мықты ел деп көрсетуге тырыстым. Бұрын кейбір баяндамашылар
баяндама жасай қалса, біз өткенде нашар едік, мүсәпір едік дейтін еді ғой.
Мен осы сөзден қаштым, қайта оған қарама-қарсы – біз батыр елміз деген
нақтылы сөздерді баса айттым.
4
Қазақстан Совет дәуірінде дегенге қысқа ғана тоқталдым.
5
Отан соғысында тамаша қолбасшыларымыз бар асқан ақылды,
айлалы, батыр, ержүрек командирлеріміз бар деп мысалға Баукеңді
молынан көрсеттім. «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер» деген ғой, осы
баяндамамда тілдің жеткенінше полководец Бауыржан дегенді баса айтып,
оның адамгершілік, батырлық образын молынан қамтыдым ғой деймін.
Мұныма сіз ұрсарсыз, оны өзіңіз білесіз. Бірақ менің шындықты жасыруға
правом жоқ.
Баяндаманы тындаушыларға: қазақ деген батыр ел екен, өткенде де көп
батыр болса, бүгін де сондай екен. Мынау Момышұлы дегені өте керемет
екен, деген впечатление қалдырсам болғаны. «Там где обороняется
Баурджан и его бойцы, враг не пройдет; там где наступает Баурджан
враг не устоит», дедім ғой бір жерінде. Баяндаманы мынадай сөзбен
аяқтадым: «Будем драться с немецкими захватчиками так, чтобы весь
советский народ и великий Сталин с гордостью сказали: «Молодцы,
Казахи!». Баяндаманың ұзын-ырғасы осындай. Өзім тілім жеткенше
орысша жаздым. Мұнда келген жолдастарға оқып беріп ем, ұнатқандық
түр білдірді. Ал, баяндаманы сөйлерде қалай боларын білмеймін. Шынында
мен тарихшы (историк) адам емеспін гой. Сондықтан, кемшілігі де болар.
Тарихымызды, батырларымыз жайында тарихшылар жазғанша көп заман
бар, сондықтан, олардың жазғанына дейін өзіміздің де іс істей білгеніміз
жақсы емес пе? Осындағы жиынға көптеген қазақтар келген екен. Бәрі де
сіздің атыңызды халық мақтаныш тұтады, қазақтан бірінші полковник
деп. Олардың сұрауы бойынша, Бауыржан жайында, панфиловшылар
жайында мен оларға консультация берудемін. Бір қыдыру сөздер осы. Тағы
хат жазармын.
Жалғабай ініңіз Мәлік. 16/YII43 ж. Москва.
Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлы арасындағы рухани байланыс
бейбіт заманда да жалғасты. Мәлік батыр дүниеден озғаннан кейін 60
жылдығы аталмай қалғанда жоқшысы болғанда осы Баукеш ағасы еді.
Қос батырдың өмірі мен ерлігі біздің жадымызда мәңгі сақталып, келер
ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалмақ.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Мәлік батырдың 110 жылдығы
қарсаңында, Бауыржан, Мәлік, Рамазан Елебаев, Төлеген Тоқтаров, генерал
Панфилов, тағы басқа ерлердің өнегелі ғұмырын, шынайы адами бейнесін
көрсететін фильм, сахналық туындылар жарық көрсе, жас ұрпақты
отаншылдыққа, халықтар достығына, ерлікке тәрбиелеудің таптырмас
құралы болар еді.
Мейрамгүл ЖОЛАУШИНА,
ҚР Мәдениет саласының үздігі,
М.Ғабдуллин музейінің бас қор
сақтаушысы.

31.12.2024

Қараулар: 98

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау