Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
2023 жылдың 7-14 қыркүйек күндері аралығында Алматы қаласына жасалған «Мәліктің рухы халықпен» атты іс сапар

“Мәліктің рухы халықпен” атты экспедицияның алғашқы күні (08.09.2023) М.Ғабдуллин музейінің бас қор сақтаушысы С.Жүзжанова мен ғылыми қызметкер Ж.Қажыбай ҚР ҚК Мемлекеттік Әскери-тарихи музейі мен РМК “Ғылым ордасы” орталық ғылыми кітапханасында болды.Әскери-тарихи музеймеңгерушісі Алуа Бахытжанқызы Байқадамова музейде болып жатқан соңғы өзгерістермен таныстырды.

Музей қызметкерлері Әскери-тарихи музейі қор бөлімінің сақтаушысы Виняр Елена Ефимовна ұсынған 8-ші және 316 атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің фотосуреттері орналастырылған альбомдар жинағынан музей қорында жоқ біршама фотосуреттермен соғыс тақырыбына қатысты материалдардың электронды нұсқаларын тасымал құралдарына түсіріп алды.

Күннің екінші жартысында “Ғылым ордасы” орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Жомартұлы Асет мырза мен сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің басшысы Әли Еркежан Жәкіманқызының қабылдауында болды. Өзара келісім- меморандум негізінде 2024-ші жылы Көкшетаудың 200 жылдығы аясында бірлескен іс-шаралар өткізу барысын талқылады.

“Ғылым ордасы” орталық ғылыми кітапханасының басшысы сирек кітаптар қорынан М.Ғабдуллиннің редакциялауымен жарыққа шыққан “Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы” кітабының 1-ші томы мен “Қазақтың мақал-мәтелдері” кітаптарының электронды нұсқасын және 2,4,5,6 том кітаптарын сыйға тартты.

Осы материалдар музейдің негізгі қорын толықтырады. Ал өз кезегінде М.Ғабдуллин музейінің қызметкерлері Алматы қаласындағы жоғарыда көрсетілген мекемелерге 2023-ші жылы жарық көрген “Ұрпақ тәрбиесінен ұлттық болмысқа” (Мәлік Ғабдуллиннің “Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес” кітабы негізінде) атты кітабы сыйға берді.

11 қыркүйек күні “Мәліктің рухы халықпен” атты экспедиция сапарымен Алматы қаласында жүрген Мәлік Ғабдуллин музейінің бас қор сақтаушысы С.Жүзжанова мен ғылыми қызметкер Ж.Қажыбай Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне барды. Мекеме басшысы Шілдебай Сәбит Қамытбекұлымен кездесіп, мекеме мұрағатындағы Мәлік Ғабдуллин қорына және онымен тығыз қарым-қатынаста болған Ә.Нұршайықов, Д.Әбілев, И.Шеголихин, Ү.Балқашев, А.Егеубаев, Н.Смирнов, М.Сильченко т.б жеке қорларында жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Іс сапар мақсаты музейге жәдігер жинау, негізгі қорды толықтыру болды. Іс сапардың нәтижелі болуына екіжақты келісіммен жасалған ынтымақтастық меморандумы мен жұмыстың жүйелі жүруі үшін жасалған бағдарлама, жоспарлар оң септігін тигізді. Нәтижесінде Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлының қолжазба дәптерлерінің электронды көшірмелері мен М.Ғабдуллиннің немере інісі Жанатай Бекенұлының «Тұғыры биік тұлға» атты кітабының электронды нұсқалары архив қызметкері Амиргожина Ләззат Жанатайқызының қолдауымен қолымызға тиді.

М.Ғабдуллин музейі тарапынан мекеме басшысы Сәбит Қамытбекұлы Шілдебайға және мекеменің жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын орындау бөлімінің басшысы әрі Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі Жанатай Бекенұлының қызы Ләззат Амиргожинаға Мәлік Ғабдуллиннің “Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес” кітабы негізінде жарыққа шыққан “Ұрпақ тәрбиесінен ұлттық болмысқа” атты кітабы сыйға берілді.

Өз кезегінде мекеме басшысы Сәбит Қамытбекұлы ҚР Орталық архив қорынан тарихи маңызды ақпараттарға толы: «Қазақстандағы ашаршылық. Голод в Казахстане. 1921-1923ж» І,ІІ том, «Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты панфиловшы, жазушы» (құжаттар, фотосуреттер), «ҚР Орталық мемлекеттік архивінің жеке тектік қорлары бойынша жөнсілтемесі (1959-2009)», «Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне 100 жыл» (құжаттар, фотосуреттер) кітаптарынмузей қорына сыйға берді.

Күннің екінші жартысында музей қызметкерлері жоспар бойынша тұлпардың тұяғы, батырдың ұрпағы Үсенова Майдан Мәлікқызымен жүздесті. Мәлік Ғабдуллин халық үшін Батыр, Ғалым, Ұстаз болса, ұрпағы үшін асқар тау әке болды. Ардақты ана, мейірімді әже, медицина саласының ардагері Майдан апай әкесін сағынышпен еске алып, музей қызметкерлерімен ұзақ әңгімелесті. Өткен уақыттың сағынышты сәттерімен бөліскен апайдың әдемі естелігі бейнетаспаға жазылып алынды. Музей ұжымы атынан Майдан апайға “Ұрпақ тәрбиесінен ұлттық болмысқа” кітабы сыйға берілді. Кітап ғалым-ұстаздың басты еңбегінің заманға сай ықшамдалып, сұрыпталған нұсқасы болып табылады.

"Мәліктің рухы халықпен" атты экспедицияның соңғы күні М.Ғабдуллин музейінің қызметкерлері ҚР ҚК Мемлекеттік Әскери-тарихи музейінің қорында тағы бір күн жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Панфиловтар әулетінің жеке қорынан құралған музей экспозициясы 90% түпнұсқада көрсетілген.Сондықтан тақырыпқа сай материалдар қоры өте бай. Музей қызметкерлері үшін соғыс уақытында шыққан газет материалдарымен жұмыс істеу қызықты әрі маңызды болды.

1941-1943 жылдары жарық көрген «Отан үшін!» және «За Родину» газеттерінің музей қорындағы тігіндісімен жұмыс істеу барысында М.Ғабдуллин, Т.Тоқтаров, Ж.Жабаев, А.Иманов және 316 атқыштар дивизиясы мен панфиловшыларға қатысты материалдардың сканерден өткізілген көшірмелерін алуға мүмкіндік болды.Осындай мүмкіндік берген музей басшысы Алуа Байкадамоваға алғысымыз шексіз.

Осы күні ұзақ жылдар бойы жұмыс барысында музейге көмек қолын созып, достық қарым -қатынаста болған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрағат істері және құжаттама басқармасы комитетінің "Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазу мұрағаты" РММ бөлімінің меңгерушісі Ләззат Сүлейменқызы Ақтаевамен кездесу болды.

Көп жылғы әріптестіктің жемісі болған“Ұрпақ тәрбиесінен ұлттық болмысқа” (Мәлік Ғабдуллиннің “Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес” кітабы негізінде) атты кітап музей атынан Ләззат Ақтаеваға берілді. Ләззат Сүлейменқызы өзі құрастырған «Путеводитель по фотодокументам из фондов личного происхождения» кітабына музейге деген ізгі тілегін жазып, музей қорына сыйға берді.

9 қыркүйек сенбі күні Алматының Арбат көшесінде «Қала күніне» орай кітап жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеден әдеби көркем шығармалар, тарихи тақырыптағы кітаптар, балалар шығармашылығы, психология мен педагогикаға қатысты сан алуан кітаптарды кездестіруге болады. Және сондай-ақ, алаңда «Ауылға кітап», «Кітап ауыстыр», «Сыйға кітап», «Кітап ұтып ал» атты шағын дүңгіршіктерорнатылған.

Алаң ортасында қазақ қаламгерлерімен кездесу ұйымдастырылып, олардың кітаптары сатылымға шығарылған. Демалыс күнін тиімді пайдаланып, әрі кітап жәрмеңкесінен тақырыпқа сай кітап іздеу мақсатында шыққан музей қызметкерлері ашық аспан астында жүрек бейнесінде жиналып, тегін таратуға арналған «Сыйға кітап» кітап қорынан 1941-1945 жылдардағы соғыс туралы «Пламя Победы» кітабының І, ІІІ томдарын қолдарына алды.

Кітапқа соғысты көзімен көріп, қолдарына қару алып, Москваны қорғаған қазақстандық жауынгерлердің естеліктері, әкесі мен атасының ерлігін естіген балалары мен немерелерінің әңгімелері мен өлеңдері топтастырылған. Кітаптың құндылығы да осы шынайылығында.

582-і беттен тұратын кітап 2015 жылы Алматы қаласында «Колесо» баспасында 1000 таралыммен жарық көрген. Осы 3 томдық кітап жобасының авторы соғыс ардагері, соғыста берілген 5 орден мен 35 медальдің, ІІ дәрежелі «Достық»орденінің иегері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Л.Ю.Гирш, құрастырушы редакторы Е.Ф.Брусиловская. Аталған кітап музейдің кітап қорына қосылған үлкен үлес.

Музей қызметкерлерінің Алматы қаласына жасаған іс сапарының қорытынды нәтижесінде төменде көрсетілген материалдар қор сатып алу және қабылдау комиссиясына ұсынылып, шығарылған шешімі бойынша қажетті қорға қабылдауға болады.

1. 15 кітап (оның 3 кітабы: М.Ғабдуллиннің редакторлығымен шыққан «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» (1том), «Қазақтың мақал-мәтелдері», М.Ғабдуллиннің немере інісі Жанатай Бекенұлының «Тұғыры биік тұлға» кітаптары);

2. Сканерден өткізілген екі қолжазба (Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлының (32 бет)) дәптердің көшірмесі;

3. Екі фотоальбом (панфиловшлылардың фотосуреттері (барлығы 180) салынған) көшірмесі;

4. Бір бейнежазба салынған диск (М.Ғабдуллиннің ұрпағы Үсенова Майдан Мәлікқызымен кездесуден).

Осымен Мәлік Ғабдуллиннің саналы ғұмырын өткізген Алматы қаласындағы жұмыс сапары аяқталды. Музей қызметкерлерінің алға қойған ғылыми зерттеу және музей қорын толықтырумақсатындағы жұмыстарыойдағыдай орындалды.

14.09.2023

Қараулар: 574

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау