Конституция күні – Қазақстанда жыл сайын 30 тамызда атап өтілетін ресми мемлекеттік мереке. Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл.
Бұл мереке Қазақстан халқының ерік-жігерін, оның елді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Мереке қарсаңында Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының мәжіліс залында «Дала заңынан Тәуелсіз елдің ата заңына дейін...» атты іс-шара өткізді.
Іс-шара өткізудегі мақсатымыз Қазақстан Республикасының Ата заңы туралы академия курсанттарының білімін кеңейту, еліміздің конституциялық – құқықтық саясатын дәріптеу.Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттырып, ұлтжандылыққа баулу. Өз елінің, өз жерінің жетістіктеріне сүйсіне білуге тәрбиелеу болып табылады.
Іс-шара барысында академияның 1-ші курс курсанттарын музей басшысы Мұхамед Мерекеұлы мемлекеттік мереке Конституция күнімен құттықтап, жас сарбаздардың ел іргесінің бекем болуына атсалысып, келешегіміздің кемел болуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Академия курсанттарының назарына «Дала заңынан Тәуелсіз елдің ата заңына дейін...» деген тақырыпта жылжымалы көрме таныстырылып, «Ата заң – алтын діңгегім!» атты дәріс оқылды.
Және Қазақстан Республикасы Конституциясының құрылу тарихынан ақпарат беретін бейнефильм көрсетіліп, «Шамшырақ» дуэтінің орындауында «Қазақ елі осындай» әні орындалды.
Өткізілген іс-шара нәтижесінде курсанттар конституциялық заңдылыққа бағына отырып, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосатынына сенімді екендерін жеткізді.
Іс-шара соңында академияның тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Саликова Динара Мэлисовна музей қызметкерлеріне танымды — тағылымды іс-шара үшін алғысын білдірді.
29.08.2025
Қараулар: 55