Мәлік Ғабдуллиннің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған батыр музейіне 4 қыркүйек күні 30 жыл толады.
Мерейтойлық датаға орай, музей алаңында «Тарихқа толы 30 жыл» атты салтанатты кеш өтті. Салтанатты кештің шымылдығы Халықаралық байқаулардың жеңімпазы, облысымыздағы маңдайалды өнер ұжымы «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің (көркемдік жетекшісі Мадияр Абай) прологымен ашылды.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мерейлі мерекемен құттықтап, жұмысшы мамандықтар жылына орай музейдің шаруашылық бөлімінің қызметкерлері Таим Исахметқызын, Ақылбай Қажыбайұлын, Жазит Серікұлын, Тохтар Әшімұлын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың Алғыс хатымен марапаттады. Біз бұл марапатты тұтас музейге берілген баға деп білеміз.
Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан салдың ізін жалғап жүрген Төлебай Райымбек, Аслан Мұхамедьяров, Жанар Ахметжарова және Сәрсенбай Хасенов сынды ән зерттеушісі мен дәстүрлі әншілер әннен шашу шашты.
30 жылдық тарихы бар музейдің талай игілікті іс-шараларының куәсі болған, басы-қасында жүрген ел ақсақалдары мен музей жанашырлары бүгінгідей мерейлі күні де қасымыздан табылды.
Өлкетанушы, жазушы Мұрат Ыдырысов, қоғам қайраткері Қаратай Төлекеев, Мәлік Ғабдуллин музейінің қолдаушысы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек музей ұжымын мерейлі мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Ал бүгінгі күннің батырларын тәрбиелеп отырған М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының басшысы Жұмабек Хасенов музей ұжымының 30 жылдық қажырлы еңбегіне зор бағасын беріп, сый — сияпатын тапсырды.
Мәлік Ғабдуллин музейі ұжымының осы уақытқа дейін атқарған талай танымдық-тағылымдық іс-шаралары сіздердің көз алдарыңызда өтті. Мерекелік кешке көлдей көңілін арқалап келген ел ағаларының ақ тілегінен қанаттанған музей ұжымының ел игілігі жолында атқаратын талай игі бастамаларының куәсі боласыздар!
МУЗЕЙДІҢ ТОЙЫ, КИЕЛІ КӨКШЕНІҢ ТОЙЫ, ЕЛДІҢ ТОЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
04.09.2025
Қараулар: 65