ХХ ғасырдың әйгiлi тұлғасы, оқымысты-фольклортанушы, педагог, халық қызметкерi Мәлiк Ғабдуллиннiң музейiне ширек ғасыр толып, ұлтына, ұрпағына, асыл жұртына тарихи қызметiн жанқиярлықпен жасап келедi. Бұл Көкшетау шаһарындағы ардақты бiр әдеби-мәдени һәм рухани орда. Бұл — Мәлiк Ғабдуллин музейiндегi экспонаттар, жәдiгерлер, қолжазбалар, кiтаптар — тұнып тұрған құндылықтардың әлемi деуге болады. Бұлар қаһарман, бiлiмпаз, ұлт қайраткерi, өмiрiнен сыр шертедi. Заман, тарих, халық сөйлеп тұрғандай.
Осындай кемел, толық, сәулеттi музейдiң тарихи жолына, өсу, өркендеу, сапарына саяхат жасаған, ой көзiмен барлаған дұрыс болар.
1980 жылдардың iшi. Мен ол жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтында қызмет ететiнмiн. Бiрде Көкшетаудан қалалық партия комитетi мәдениет басқармасында iстейтiн Мәриям Кенжахметқызы Мәлiк аға еңбек еткен «Әдебиет және өнер» институтына келген-дi. Мақсаты — көз көргендермен пiкiрлесу, ақылдасу, мұраларын жинастыру, музей ұйымдастыру…Расында, ұлы iс осылайша басталған-ды. Ол дүркiн-дүркiн Алматыға келгенде «Алматы» қонақүйiнiң директоры, қамал бұзған қас батыр, «Халық қаһарманы » Рақымжан аға Қошқарбаевқа барып, нөмiр әзiрлетiп қоятынмын. Бұл кiсiмен менi таныстырған Қазақ ССР Министрлер жанындағы мемлекеттiк құпияны сақтау жөнiндегi комитет бастығы Әбдiрашит аға Шалабаев (1910-1975 жж) едi.
Сонымен өз қолыма түскен кiтаптарды (мысалы, 1948 жылғы Қазақ әдебиетiнiң тарихы, естелiк қолжазбаларды, тарихи материалдарды ұшақ арқылы жиi-жиi жiберiп отырдым. Ұшақ Алматы әуежайынан таңғы 4-те ұшатын.
Задында, осынау Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң қалыптасу және даму тарихында ерлi-зайыпты, батырдың немере бауыры Жанатай Бекенов пен Мәриям Кенжеахметқызының еңбегi ересен өлшеусiз.
1995 жылы Көкшетау облысының әкiмi Қызыр Ыбырайұлы Жұмабаев шешiм шығарып, бұл ғимаратқа сол бiр заманның қиыншылықтарына қарамастан жөндеу жұмыстарын жүргiзiп, ел игiлiгiне асырғаны да қайраткерлiк едi.
Шаһарда жылу желiсi, электр тоғы жүйесi тас-талқан болып күйзелiске түскенде, музей үйiн апаттан сақтау үшiн арыстанша арпалысқан Жанатай ағамыз бен Мәриям жеңгемiз едi. Мұның баршасы ұлт патриоты Мәлiк Ғабдуллинге деген құрмет болатын.
Музей өрден өрге, белестен белеске абыроймен көтерiлiп, қазақстандық патриотизмдi насихаттауда, КСРО-дай алып империяның шартарабына даңқы жайылған Ұлы Даланың ұлы перзентiнiң тұлғасын танытуда музей қызметкерлерiнiң iсi үлгi-өнеге боларлық.
Мәңгiлiк елдiң тарихында қаһарман қайраткердiң қара шаңырағы — руханияттың кәусәр бұлағы халық игiлiгiне қызмет жасай берсiн!
Серiк НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор
23.04.2021
Views: 699