Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
МӘЛIК МУЗЕЙI-КӨКШЕ ЕЛIНIҢ РУХАНИ ОРТАЛЫҒЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев киелi Бөкей Ордасының топырағына аяқ басқанда былай деген екен: «Өз жерiнiң, елiнiң тарихын, атақты азаматтарын құрметтей бiлу деген халық сана-сезiмiнiң өсуiне себеп болмақ», — деп, елiмiздiң тарихы мен мәдениетiн, елге танымал тұлғаларын, өткенi мен бүгiнгiсiн насихаттайтын, көпшiлiкке танытатынын музейлер екендiгiн жеткiздi. Қазiргi таңда қоғамымызда мұражай iсiне, мұражай құндылықтарына деген талап пен қызығушылық артып келедi. Отандық мұражай қызметiне, ондағы тарихи-мәдени мұраларға деген сұраныс халықаралық деңгейге дейiн көтерiлдi. Қоғамда мұражайдың тек әлеуметтiк емес, тарихи-мәдени мұраларды сақтайтын, елiмiзге белгiлi тұлғаларды зерттейтiн, мәдени-ғылыми институт, ғылыми ақпараттар жүйесiнiң орталығы, тарихи феномен ретiнде маңыздылығы артты, мұражай iсiне деген қоғамның қызушылығы да өсiп келедi.

Iргетасының қаланғанына жиырма бес жыл толғалы отырған Көкшетаудағы батыр, жазушы, ғалым Мәлiк Ғабдуллин мұражайы — солтүстiк өңiрдегi iрi мәдени орталықтардың бiрi. Бүгiнгi таңда елiмiзде мұражай-ғылымның, бiлiмнiң, мәдениеттiң, рухани құндылықтардың орнығуына, дамып-бекуiне зор ықпал ететiн ғылыми-танымдық, тарихи-шежiрелiк орта десек артық айтпаған болармыз. Осындай орталықтардың бiрi — өлкемiздегi Мәлiк мұражайы. Оның негiзгi мiндетi-Мәлiк бабамыздың өмiрi мен шығармашылығын, оның ерлiк пен қаһармандыққа толы батырлық жолын, ғылыми мұрасын, сол кезеңдегi тарих пен әдеби құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдiгерлердi зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау.

Егемендiктiң алғашқы жылдарындағы әлеуметтiк — экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан Көкшетау қаласында батыр, жазушы, академик жерлесiмiз Мәлiк Ғабдуллинге ескерткiш қою, музейiн ашу iсi көптен айтылып жүрген өзектi мәселе едi. Әртүрлi деңгейдегi мiнбелерде белгiлi қайраткерлер, ғалымдар, ардагерлер, жерлестерi аталмыш мәселенi қала, облыс басшыларының алдына талай қойған-ды. Батырдың туыс-ағайындарынан да осындай өтiнiштер түсiп жатты.

«Көп тiлегенi көл» болып, бұл сұрақ өзiнiң оңтайлы шешiмiн тауып, 1995 жылы музей ашылды. Қаланың қоғамдық-мәдени өмiрiне бұл жаңалық-әрине айтарлықтай өзгерiс әкелгенi анық. Алғашқы күннен музей жанынан Ғылыми кеңес құрылып өз жұмысын бастағанды.

Кеңес құрамына Шоқан атындағы бiлiм ордасының оқытушылары, филолог-ғалымдар Ыбраев Нарбай Сафиянұлы, Сұлтаняев Оғаз Арыстанғалиұлы, жазушы, журналист Алдабергенов Серiк Зияшұлы, жазушы, журналист, батырдың немере iнiсi Жанатай Бекенов, музейдiң негiзiн қалаушы, алғашқы директоры — Мәриям Кенжеахмет, кейiннен оқытушылар — тiл, әдебиет мамандары Сәбит Нұрмағамбетұлы Жәмбек, Әлiби Қабыкенұлы Шапауов, Жандос Шекен кiрдi. Ғылыми Кеңес алдына келесi мiндеттер қойылды:

1. Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы М.Ғабдуллиннiң әдеби-тарихи, мемуарлық бай мұрасын зерттеу, оған ғылыми тұрғыда баға беру;

2. Музей тарапынан ұйымдастырылатын конференция, семинар, көрмелер мен әртүрлi кездесулердiң мақсат-мiндетiн, тұжырымдамасын бекiту;

3. Музей қорына түсетiн мұрағаттар мен жәдiгерлерге ғылыми баға беру, әдiстемелiк көмек көрсету.

Қарап отырсақ, қабылданған шешiмдер, атқарылған iс-шаралар көп ұзамай-ақ өз нәтижелерiн бере бастағандай. Көкше жұртшылығы Мәлiк атамыздың өмiрi мен шығармашылығы, батырлық жолымен ғана танысып қоймай, сол арқылы өңiрдiң де талай қызық беттерiн ашқандай болды. Елдiң өткенi, тарихы мен әдебиетi, аңыз-әңгiмелерi, шежiресi, айтулы тұлғалары музей қорына молынан жиналып қалың көпшiлiкке ұсынылды. Мұның өзi қуантарлық жағдай едi. Халық көңiлiнен шыға бастаған батыр үйiне өткен тарихты бiлгiсi келген оқырмандар, жастар, студенттер мен оқушылар жиi келетiн болды. Аталмыш толқын, жаңа бiр леп музей директоры, жанашыр, iзденiмпаз Құдайберлi Мырзабек есiмiмен тығыз байланысты десек артық айтпаған болар едiк. Қызметiнiң алғашқы күндерiнен-ақ музей жұмысына жаңа бағыт-бағдар берiп, тосын ой-ұсыныстарымен көпшiлiк ықыласына бөлене бастады. Ғылыми Кеңес құрамына профессор-ғалымдар Қадыржан Абуев, Бердiбай Шалабай , ғылым кандидаттары А.Бексейiтова, Г.Тлеубердина, С.Қасымова, бiрқатар қоғамдық ұйымдар төрағалары Б.Смағұл, Ғ.Умаров, Ш.Әлиевтер тартылды. Ғылыми Кеңес жұмысына, жоспарына бiрталай өзгерiстер кiрiп, жаңа мазмұнмен толықты. Соны жұмыстардың бiрегейлерi мыналар едi:

Мәлiк Ғабдуллин еңбектерiнiң көп томдық жинағын шығару; Ақмола өңiрiнен шыққан тарихи тұлғаларды екшелеу, бiрiздiлiкке салу; Әзiрет Сұлтан кесенесiне жерленген тарихи тұлғалардың өмiрбаяндары мен ерлiкпен еңбекке толы жолдарын зерттеу мәселелерiн қолға алу; басқа облыстардағы музейлермен шығармашылық байланыстар орнатып, тәжiрибе алмасу т.б. Осы орайда батырдың туған ауылы — Қойсалғанда өткен «Желтаудың желмаясы» атты фестиваль аясында шоғырландырылған мәдени-бұқаралық кешендi iс-шараларды, Ақан ауылында өткен «Алаштың алтын шаңырағы» атты этно-мәдени фестивальдi, әр деңгейде ұйымдастырылған тақырыптық көрмелер мен экспедицияларды, ғылыми жобалар бойынша атқарылған жұмыстарды айтсақ та жеткiлiктi. Әсiресе бiздiң Шоқан бiлiм ордасында өткен, Мәлiк Ғабдуллин музейiмен бiрлесе ұйымдастырылған «Батырлар жырының этикалық құрылымы мен тәрбиелiк маңызы» атты ғылыми-тәжiрибелiк конференцияны айтып кетуге болады.

Ғылыми мәжiлiстегi жасалған баяндамалар өзiнiң өзектiлiгiмен, ауқымды мазмұнымен, сүбелi ой — ұсыныстарымен ерекшелендi. Мәлiк Ғабдуллиннiң бай әдеби мұрасы туралы Тiл бiлiмi институтының ғалымы Е.Ғалымов, Мұхтар Әуезов пен Мәлiк Ғабдуллиннiң қазақ ауыз әдебиетiне қосқан үлесi туралы Шоқан университетiнiң профессоры Сәбит Жәмбек, сонымен қатар Қарауыл Қанай шешен, Итқара батырдың өмiрiне қатысты жасалған баяндамалар өзiнiң маңыздылығымен тыңдармандар ықыласына бөлендi.

Аталмыш алқалы жиында тек қана баяндамалар ғана оқылмай, өзара пiкiр алмасу, ұсыныстармен ой бөлiсулердiң де болып, қызықты да тартымды идеялар платформасына айналғанын да айтып өткен жөн. Батыр бабамыздың еңбектерiндегi батырлар жыры, бесiк жыры тақырыптарын бала бақша, мектептерде насихаттау, батыр атағы берiлген 30 қаңтар күнiн ұлықтау, батырдың атақты бабалары Қанай би Құттымбетұлы, Бекболат би Қанайұлы, Итқара батыр туралы тұлғаларды зерттеудi жалғастыру сияқты игi бастамалар да мәлiктанушылар тарапынан да қолдау тауып көңiлдерiнен шықты деуге болады.

Бүгiнгi күнi Есiл-Көкше топырағына да қатысты, әлi де тиегiн таппаған көкейкестi де түндiгi алынбаған түйткiл сұрақтар бар екендiгi бәрiмiзге аян. Бурабайдағы ханның Қызылағашының нақты тарихи маңызы, атығай-қарауыл руларының Арқа жерiне қоныстану үрдiсi, көптеген жер-су аттарының топономикасы (анықтамалық энциклопедия қажет-ақ), Мәлiк батырдың түп атасы Қанай бидiң Қытайға елшiлiкке баруы, Тәшкендегi шаһарбасы болуы, Кенесары Қасымұлы көтерiлiсiне қатысқан атығай-қарауыл батырлары, Көкшелiк төре-ақсүйектер шежiресi, тұлғалары, «Iшкi жаққа» (Омбы, Түмен) өтiп кеткен елдi-мекендер, белгiлi адамдар, тарихы тағдырлас Омбы елiндегi би-батырлар, оқығандар, маңызды ескерткiштер, мазарлар, тiзе берсек, жерiмiзге, елiмiзге байланысты әлi де бетi ашылмаған бiраз жәйттербаршылық. Көп игi iстер атқарылды, қолға да алынып жатыр. Дегенмен де…

Өңiрлiк, өлкелiк тарихты да қолға алатын кез келген сияқты. «Солақай саясаттың» ызғарымен көп дүниеден айырылып та қалдық. Әлi де кеш емес.

Сандықтау жерiндегi Арлан, Шамай, Кенжетай, Тайлақ батырлар, Ереймендегi Садуақас Ғылмани, Қорғалжындағы-Шалқар көлi жанындағы Әз Жәнiбек хан бейiтi, Бiржан сал елiндегi белгiлi алаш тұлғасы Шәрәпи Әлжанов, Зерендiдегi Әз Бөгенбай, Мұсақұл балуан, Итқара батырлар, Жақсыдағы Баубек батырлар туралы да әлi де тың деректер, iзденiстер керек. Кезiндегi Сiбiр хандығының құрамында болып, Есiлдiң арғы жағына қарай жоғарылата көшкен Керей тайпаларының қоныстануы,арғын арасындағы Ұлы жүз бен Кiшi жүз руларының этникалық тарихы, атап айтсақ Есiлкөл жақтағы Қасқат-«қожа» ауылы, Бұланды –Жөкей төңiрегiндегi «үйсiндер ауылы», Бурабай маңындағы алшын, керейiт, қырғыз елдi-мекендерi, Ораз аталықтың ауылы-осылардың бәрi тарихи-этнологиялық талдауға сұранып тұрғандай. Кезiнде Мәлiк Ғабдуллин қазақ батырлар жырындағы Қазан ханын, Қызылбастар дерегiн көп iзденiстен кейiн парсы тарихынан тауып дәлелдемеп пе едi…

Жалпы қарап отырсақ, шолып өткен бiрқатар игi iстер осынау Мәлiк рухани ордасының ұлан-ғайыр игерiп жатқан тынымсыз еңбектерiнiң бiр саласы, шағын ғана бөлiгi ме дерсiң, өйткенi осы Көкше жерiнде өтiп жатқан алуан-асыр, iрiлi-ұсақты ел тарихына қатысты небiр қоғамдық, ұлттық, қазақы маңызы бар дүбiрлi де дүркiн шаруалар легi әрдайым батыр атамыздың киелi ордасының қатысуымен өтiп жатады. Мақтанарлығымыз осы көтерiп жатқан үлкен жүктiң бiр шетiн Шоқандықтардың да абыроймен алып, көтерiп, бiрге ат салысып жүргенiнде. Жыл сайынғы дәстүрлi батыр ескерткiшiне гүл қою, музей ұжымының шығарған «Мәлiк Ғабдуллин- Қазақтың Оқжетпесi» атты альбом-кiтаппен 11 томдық шығармалар жинағының тұсаукесерi ме, университетте өтетiн жыл сайынғы «Шоқан тағылымы» конференциясы, белгiлi ғалымдарымыз, туған жер жанашырлары профессорлар Қадыржан Әбуев, Шалабай Бердiбай, Аманжол Есмағұлов, Сәбит Жәмбек т.б. мерейтойлары, сан алуан кездесулер мен қоғамдық бас қосулар ма, бәрiнде Мәлiк iзбасарларының үлесiн, ықыласын көрiп жатамыз.

Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент — мүшесi Уәлихан Қалижанов осы көптомдық еңбектерге былай баға бердi:

«Мiне осы ретте «М.Ғабдуллин музейi» мемлекеттiк қазынашылық ұйымы атқарған жұмысты ерекше атап өткiм келедi. Музей қызметкерлерi академик, ғалым, қайратке М.Ғабдуллиннiң әдеби мұрасын жинастырып, оны баспаға дайындады.

Көптомдықтағы еңбектердi саралай қарағанда академик М.Ғабдуллиннiң жан-жақты ғылыми қарымы мен азаматтық тұлғасы асқақтай көрiнедi. Бұл көптомдық замана келбетiн, замана ерекшелiгiн екшеуге мүмкiндiк бередi.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейдi»-дейдi халық даналығы. Бұл М.Ғабдуллинге жарасымды үйлесетiн теңеу. М.Ғабдуллин халқымен, қазағымен бiрге жасайтын мәңгiлiк тұлға!»

Көрер көзге, өзегiне бойламаған адамға музей жұмысының сан қилы қызметi көрiне де қоймас. Үңiле бiлген адамға шахар дiңгегiне орныққан шағын ғана ағаш үйдiң iшi қайнаған тiршiлiк пе дерсiң… Тынымсыз еңбек. Қыбырлаған жан. Басы бастамаға толы басшы. Сүйсiнесiң. Таң қаласың. Көкшенiң азаматтары үшiн марқаясың.

Сондықтан да айтарым Мәлiк музейi-өзiнiң арнасы терең, ауқымы биiк, алымы ауыз толтырып айтарлық, зерделi iстерi заңғардай, Көкше келбетiнiң ажарлануына, өткенiнiң ашылуына, ерлерi мен iздерiне танымды да салиқалы баға беретiн, ұлт, ел мен жер мүддесiнiң жанайқайын жеткiзiп жүретiн ғылым, өнер, мәдениеттiң көзқайнары, қызуы қайтпайтын жер ошағы десем артық айтпаған болар едiм. Осы iстiң бас идеологы болып жүрген Құдайбердi бауырымызға да сансыз алғыс, ризашылық айтар едiм.

Аманбай СЕЙТҚАСЫМОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы КМУ әлеуметтiк-мәдени iстер

жөнiндегi проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты

Мақаланың шыққан күні: 23.04.2021 16:27

Парақтағы соңғы өзгерістер: 23.04.2021 16:39

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау