Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Соғыс.Жеңіс.Естелік - Зиновьев Bасилий Сергеевич

Зиновьев Василий Сергеевич Новоромановка ауылында туып өскен. Әкесi аурудан қайтыс болып, жетiмдiктiң дәмiн ерте тартады. Анасы Ирина Федоровна төрт баламен жастайынан жесiр қалады. Балалардың ең кiшiсi Василий болатын. Отбасындағы тұрмыстық жетiспеушiлiктен балалық шағы өте қиын болып, ұзақ уақыт бойы мектепке бара алмайды. 15 жасында 5-шi сыныпты тәмәмдап, Василий тракторшы мамандығына оқиды. Көп ұзамай сұм соғыс басталып, Василий бiрiншi күннен бастап майданға сұранады, бiрақ жасының толмауына байланысты оны әскерге қабылдамайды. Тылда жұмыс iстеуге мәжбүр болады. Таңның атысынан, кештiң батысына дейiн бел жазбастан тракторшы Василий күнiне 3-4 сағат қана демалып, колхозда жұмыс iстейдi.

1944 жылы Василийдiң өтiнiшi қабыл болып, жасы толған соң майданға шақырылады. Ол соғыстың отты жолдарынан өтiп, талай рет өлiммен бетпе-бет келедi. Пулеметшi Василий Зиновьев Великие Луки, Смоленск, Брест, Ивановск, Львов, Варшава, Винница, Бреславль, Днепр, Одер жерлерiн қорғап, соғыстың ащы түтiнiн жұтып, Жеңiс күнiн Германияда қарсы алады. Жеңiстен кейiн де Қызыл Армия қатарында тағы 5 жыл қызмет етiп, 1950 жылдың соңында ғана туған жерi Романовскиге оралады. Туған елiне оралған Василий Сергеевичтi соғыс зардабын тартып, күйзелiске түскен елi қарсы алады. Жас жауынгерге ендi туған жерi үшiн, қираған шаруашылықты қалпына келтiру үшiн тағы да еңбек майданында тер төгуге тура келедi. Аянбай еңбек ете жүрiп, отбасын құрады. Үш қызынан немере, шөбере сүйедi. Ұрпақтары Василий Сергеевичтiң соғыстағы, бейбiт өмiрдегi ерен ерлiктерiмен мақтанады. Себебi ол II дәрежелi Отан соғысы орденiмен, «Германияны жеңгенi үшiн» медалiмен, сондай-ақ, басқа да мемлекеттiк марапаттары бар.

24.08.2020

Қараулар: 811

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау