Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Мәлік ұмтылған Шоқан жұлдызы

М.Ғабдуллиннің өнегелі өмір жолын насихаттау, тұлғалық музейлер арасында қарым-қатынас орнату, өзара тәжірибе алмасу және Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінде «Мәлік ұмтылған Шоқан жұлдызы» атты танымдық-тағылымдық кеш өткізу мақсатында қазан айының 15 жұлдызында жолға шыққан топ, Шоқанның әжесі Айғаным ханымның қонысына арнайы ат басын бұрды.

Шоқан Уәлихановтың әжесі, Уәли ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан Айғаным ханым салдырған бұл қоныс – 6 үйден тұрады. Ең негізгісі Айғаным тұрған үлкен үй, соңынан мешіт, қонақ жай, медресе, монша, тіпті жел диірмен де салынған. Бүгінде ашық аспан астындағы музей қызметін атқарып тұрған –Айғаным қонысында 6 мыңға жуық жәдігер сақтаулы. Қазіргі таңда Айғаным қонысы халық көп баратын туристік нысандардың бірі болып саналады.

Айғаным қонысының құрылу тарихымен таныстырған осы кешеннің басшысы Уәлихан Құлбаевтың бастауымен Сырымбеттегі Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейіне де келіп жеттік.

Музей залдарын аралап шыққаннан кейін, «Мәлік ұмтылған Шоқан жұлдызы» атты танымдық-тағылымдық кешімізді бастап кеттік. Танымдық-тағылымдық кешке Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті Сәбира Манатқызы, Сырымбет мектебінің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Музей қызметкерлері ұсынған Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрме таныстырылып, музейдің ғылыми-зерттеу жұмыстарына шолу жасалды, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жарық көрген «Қазақ баласы», «Мен халықтың ұлымын», «Жемісті жылдар» кітаптарының таныстырылымы өтті. «Мәлік Ғабдуллин еңбектеріндегі Шоқан Уәлиханов шығармашылығы жайлы ой-тұжырымдамалар» атты тақырыпта баяндама оқылды.

Алдымыздан М.Ғабдуллиннің шәкіртінің шығуы және оның ұстазы туралы тебіреніп айтқан естеліктері біз үшін үлкен сый болды. Кеш соңында Мәлік Ғабдуллин музейі түсірген «Көштің көркі» деректі фильмі көрсетілді.

Ынтымақтастық меморандумына қол қойған музейдің бас қор сақтаушысы Серікжан Құдайбергенқызы мен Уәлихан Қайроллаұлы алдағы уақытта М.Ғабдуллин музейінің көрме залында Шоқан мұраларынан көрме қоюға уағдаласты.

Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің қорына «Қазақ баласы», М.Ғабдуллиннің эпистолярлық әлемі «Мен халықтың ұлымын», «Жемісті жылдар» кітаптарының электронды нұсқасы бар дискілер және Кеңес Одағының батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің «Қобыланды батыр» жырын ғылымдық зерттеудің проблемалары» кандидаттық диссертациясының көшірмесі (үзінді), Кеңес Одағының батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» докторлық диссертациясының көшірмесі (үзінді), табыс етілді. Осы аталған ғылыми-зерттеу жұмыстарында ғалымның Шоқан Уәлиханов туралы зерттеулері енген.

15.10.2021

Қараулар: 1002

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау