Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Салт-дәстүрім – асыл қазынам» суретшілер байқауы

2019 жылы 28 ақпан күнi Мәлiк Ғабдуллин музейi мен Көкшетау қалалық бiлiм бөлiмiнiң бiрлесiп ұйымдастыруымен М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кiтапханасында Жастар жылына арналған «Салт-дәстүрiм — асыл қазынам» атты суретшiлер байқауы өттi.

Сурет өнерi — өнер атаулының iшiндегi көркем де бейнелi руханият қазынасы. Елiмiздiң болашағы болар жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негiзiнде тәрбиелеудiң баға жетпес, теңдессiз құралы. Ұлттың тарихын, салт-дәстүрiн, өткен тұрмыс — тiршiлiгiн бейнелi әрi ұғымға жеңiл де көрнектi түсiндiретiн тек сурет мұрағаты. Бұл өнер түрi тек халықтық болмысты танытып қоймай, сонымен бiрге оқушының жеке тұлға ретiнде талғамы мен танымының қалыптасуына мол септiгiн тигiзедi.

Сондықтан әрбiр оқушыны ұлтжанды, отаншыл әрi биiк парасат иесi қылып тәрбиелеу үшiн бүгiнгi қазақ сурет өнерiн ұлт көзқарасы тұрғысынан дәрiптеу, сурет өнерiне бейiмi бар балалардың өнерге деген қызығушылықтарын арттыра отырып, бәсекелестiру арқылы шеберлiктерiн шыңдау мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға оқушылар мен ұстаздар және бейнелеу өнерiнiң майталмандары мен жанашырлары қатысты.

Iс-шарада М.Ғабдуллин музейiнiң ғылыми қызметкерi Жанат Қажыбай мен Ш.Уәлиханов атындағы КМУ «көркемөнер, сызу және дизайн» кафедрасының оқытушысы Амиржанова Анара Орынбайқызы сөз сөйледi.

Байқауға қала мектептерiнен 12 мектеп өтiнiм бiлдiрiп, барлығы 21 оқушы бақ сынасты.

Байқау жеңiмпаздарын арнайы тағайындалған қазылар алқасы анықтады. Байқаудың жабылу рәсiмiнде жеңiмпаздар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

«Сырға салу» дәстүрi бейнеленген суретiмен және «Болашағымыздың нұры сенсiң! Жарқыра да жайна!» деп өзi үндеу қосқан жұмысымен «Сюжеттiк үйлесiм» номинациясы бойынша Гуманитарлы-техникалық лицей оқушысы Сәния Шынтемiрова үздiк деп танылды.

«Ұшқыр қиял» номинациясында «Кiлем тоқу» және «Кесте тiгу» өнерлерiн суреттеген №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясының оқушысы Евгения Уханова ерекшелендi.

«Сурет салу техникасы» номинациясында №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының оқушысы Дарья Малеева «Райымбек батыр» портретi және ұлттық қыз қуу ойыны бейнеленген «Қыз естелiгi» атты суретiмен топ жарды.

Байқау жеңiмпаздарына келсек, III орынды №6 орта мектеп-лицейiнiң оқушысы Ли Алина иелендi. Ол «Тұсау кесу» рәсiмiмен қатар «Бәсiре» дәстүрiн бейнелi де шынайы жеткiзе бiлдi.

№17 орта мектебiнiң 11 сынып оқушысы Амина Қалиева өзiнiң «Бәсiре» атты және ұзатылар қазақ аруы бейнесi бар суретiмен II орын иегерi атанды.

I орынды №4 орта мектебiнiң 10 сынып оқушысы Анастасия Симоченко «Бесiкке бөлеу» және «Беташар» дәстүрлерi көрсетiлген суреттерiмен жеңiп алды.

28.02.2019

Қараулар: 1914

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау