Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Қазыналы ауыл»

11-13 сәуiр күнi Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң қызметкерлерi Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жетi қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру мақсатында «Қазыналы ауыл» жобасы аясында мәдени-танымдық экспедициямен Аршалы ауданында болып қайтты.

Экспедицияның мақсаты: Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуi: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауындағы «Ауыл  — Ел бесiгi» арнайы жобасына сәйкес бiлiм саласы мен ғалым, педагог Мәлiк Ғабдуллин музейi арасында этнопедагогикалық бағыттағы насихат жұмыстарын арттыру, қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылдың тарихымен және бүгiнгi аудандағы үлгiлi ауылдардың тыныс-тiршiлiгiмен танысу болып табылады.

Жастар ресурстық орталығында өткен iс-шараны аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң жетекшiсi Абай Қабденұлы Қажетов жүргiзiп отырды.

Музей директоры Құдайберлi Мырзабек Елбасының бағдарламалары туралы, жалпы қазақы дәстүр мен мәдениет туралы тұшымды ойлар айтса, музейдiң аға ғылыми қызметкерi Аягөз Махметова батырдың өмiрi мен шығармашылығынан сыр шертетiн «Ғажайып өмiр баспалдақтары» атты жылжымалы көрмемен таныстырды.

Сондай-ақ, Мәлiк Ғабдулиннiң елге келген сапарынан түсiрiлген 1943 жылғы деректi фильм мен «Қансонар», «Көштiң көркi» бейне-баяндары көпшiлiк назарына ұсынылды. Сонымен қатар «Қазыналы ауыл» жобасы аясында зейнеткер, 84 жастағы Корасталева Таисия Максимовнамен сұқбаттасып, әңгiме-естелiктерi бейнетаспаға жазылып алынды.

Аршалы кентiндегi сапарымызда «Қазыналы ауыл» жобасы аясында жергiлiктi тұрғындар дайындап, ұсынған ауылдың тарихы мен тұлғалары туралы сыр шертетiн көрмесiмен таныстық.

Сонымен қатар аймақааралық, республикалық айтыстардың жүлдегерлерi Қуаныш Оспан, Нұрислам Әбдiл, Ерлан Дәулет және Абзал Жұмабек сынды ақындардың қатысуымен «Қазыналы ауыл» тақырыбында айтыс өткiзiлдi.

Ақындар ауыл тақырыбында бiраз толғанып, аудан жұршылығына жырдан шашу шашты. Бұл жолғы айтыста ақындарға деген халықтың кошеметiнен бiз ауыл тұрғындарының қазақтың төл өнерi айтысты қаншалықты сағынғанын және ауылда өтетiн айтыстың халыққа қаншалықты өтiмдi екенi байқалғандай болды.

Iс-шарамызға арнайы келiп қатысқан Аршалы ауданының әкiмi Талғат Мұханбетжанов осындай игi бастамамен келiп отырған музей ұжымына алғысын бiлдiрдi.

Iс-шара аудан өнерпаздарының шағын концерттiк бағдарламасымен және Қуаныш Оспанның «Ауылдың баласы» әнiмен аяқталды.

11.04.2019

Қараулар: 1325

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау