Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Ердің даңқы өшпейді»

Мәлiк Ғабдуллиннiң өнегелi өмiрiмен, ерен ерлiгiмен, ғылыми еңбектерiмен қатысы бар қандайда бiр тұлға болсын, жер атаулары болсын солар жайлы деректер жинақтау жұмыстарын жүйелi жүргiзiп келе жатқан батыр-ғалым музейi қызметкерлерi Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына арнайы экспедициялық сапарға шықты. Бiздiң музейiмiздiң негiзгi бағыты қазақтың батырларына тiкелей байланысты болғандықтан Жайық өңiрiнiң батырлық даңқы бiздi қатты қызықтыратын. Сондай-ақ, осынау өңiрде туған қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың есiмi бiздiң музейдiң экскурсиялық мәтiнiнде үнемi айтылып келедi. Мәншүк Мәлiктiң сырттай қамқор болып жүрген қарындасы едi. Оның опат болғанын естiген Мәлiк ағасы оқиға орнына дереу жетiп, оның лайықты наградасын алуға күш салғанын бiлесiздер.

14 желтоқсан күнi экспедициялық сапарымыз Орал қаласының орталығындағы Мәншүк Мәметова мемориалдық музейiнде өз жалғасын тауып, Кеңес Одағының Батыры, ғалым, академик, жазушы, қоғам қайраткерi Мәлiк Ғабдуллинге арналған «Ердiң даңқы өшпейдi» атты iс-шараға жалғасты.

Iс-шараның беташар сөзi Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң директоры Мирболат Бижанұлы Ерсаевтың құттықтау сөзiмен бастаған салиқалы жиында Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң директоры Қ.Р.Мырзабек "Ел ерiмен еңселi" атты тақырыпта баяндама жасады.

Шараға әскери-техникалық мектептiң оқушылары, соғыс ардагерлерi, Орал қаласының құрметтi азаматтары, 8-шi гвардиялық Панфилов дивизиясының жауынгерi Сафин Хамза Абдрахманович пен Сколенко Вениамин Пантелеевич және облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Мырзағали Әбiлқасымұлы Мұхамбетов, "Қадыр Мырза-әли атындағы мәдениет және өнер орталығының" директоры, белгiлi ақын Бауыржан Қалиолла қатысты.

Көпшiлiк назарына Мәлiк Ғабдуллиннiң өмiрi мен шығармашылығынан сыр шертетiн "Ғажайып өмiр баспалдақтары" атты жылжымалы көрме мен музей қорынан алынған батырдың елге келген сапарынан түсiрiлген 1943 жылғы деректi фильм ұсынылды.

Iс-шарада Мәлiк Ғабдуллин музейi мен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейi арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Болашақта, әсiресе келесi жылғы Жеңiстiң 75 жылдығына бiрлесiп iс-шаралар өткiзу туралы уағдаласты.

14.12.2019

Қараулар: 1197

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау