Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Ақтөбе қаласындағы «Мәліктің рухы халықпен» атты экспедициясы

28 ақпан мен 4 наурыз аралығында Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері «Мәліктің рухы халықпен» атты танымдық-тағылымдық экспедиция аясында Ақтөбе қаласына барып қайтты.

Мақсаты: Кеңес Одағының батыры, академик, қоғам қайраткері, педагог Мәлік Ғабдуллин есімін иеленген №70 орта мектепте батырдың өмірі мен шығармашылығына арналған бұрыш ашу үшін әдістемелік көмек көрсету және мектептің тыныс-тіршілігімен танысу; Ақтөбе өңірінде М.Ғабдуллиннің өнегелі өмір жолын насихаттау және республикалық «Жас ғабдуллиншілдер» клубын құру; Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова облыстық мемориалды музейімен өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастық меморандумына қол қою.

Іс-сапардың алғашқы күні экспедициялық топ мүшелерін М.Ғабдуллин атындағы №70 орта мектеп ұжымы ерекше ықыласпен қарсы алды. Мектептің кабинеттері және жалпы тыныс-тіршілігі туралы психолог мұғалім Әсем Нұрбековна таныстырып берді.

Осылайша, батыр есімін иеленген мектептің заманауи үлгіге сай салынғаны, техникалық тұрғыдан жабдықталғаны және оқушылардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалғаны көңілді қуантады.

М.Ғабдуллин атындағы №70 орта мектептегі іс-шаралар легі 1 наурыз күні «Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі» атты конференциядан басталды.

Конференция барысында М.Ғабдуллин атындағы №70 орта мектеп пен Мәлік Ғабдуллин музейі арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, музей директоры С.К.Жузжанова «Батыр, академик Мәлік Ғабдуллин музейінің тарихы мен қызметі» атты тақырыпта баяндама жасады.

Одан әрі республикалық «Жас ғабдуллиншілдер» клубына жаңа мүшелерді қабылдау рәсіміне арналған «Ер есімі – ел есінде» атты іс-шара өтті.

Іс-шарада музей директоры С.К.Жузжанова Жас ғабдуллиншілдер клубы және оның құрылуы туралы баяндап берді. Клуб мүшелігіне қабылданған 10 бала салтанатты түрде ант қабылдап, оларға арнайы куәліктер мен төсбелгілер табысталды.

Салтанатты жиынға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Жазира Жарасқызы, қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева, М.Ғабдуллиннің шәкірті Құбаш Мұғалдың қызы Ардақ Мұғалқызы, Әлия Молдағұлова мемориалды музейінің директоры Елена Қалтаева және мектеп оқушылары қатысты.

Жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі мектеп оқушыларының шағын концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Сондай-ақ, М.Ғабдуллин атындағы №70 орта мектепте Батыр музейінің ғылыми қызметкерлерінің әдістемелік көмегімен Кеңес Одағының батыры, академик М.Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған ақпараттық бұрыш ашылды.

Ашылу салтанатында ақпараттық бұрышты толықтыру үшін М.Ғабдуллин музейінің шығарған баспа өнімдері сыйға тартылды. Мектеп директоры өз тарапынан Ерік Әбдірашұлы болашақта бұл бұрышты музей болып ашылуы үшін жұмыс жасайтын боламыз деді.

«Мәліктің рухы халықпен» атты экспедицияның үшінші күні Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлованың мемориалды музейінде болып экспозициялық залдарымен танысып қайттық. Одан әрі көрме залында «Мәңгілік елдің батырлары» атты тақырыпта кездесу кеш өтті. Кешке Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, Ә.Молдағұлованың нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың баласы Сапар Молдағұлов және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар және Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің әскери кафедрасының студенттері қатысты. Іс-шарада «Батыр, академик Мәлік Ғабдулин музейінің тарихы мен қызметі» атты тақырыпта баяндама жасалып, Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғажайып өмір баспалдақтары» жылжымалы көрмесі таныстырылды және Мәлік батырдың елге келген сапарынан түсірілген деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шара соңында қос батырдың музейі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

28.02.2022

Қараулар: 835

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау