Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Батыр, ғалым М.Ғабдуллин iзiмен» экспедициясы

«Батыр, ғалым М.Ғабдуллин iзiмен» атты ғылыми-танымдық экспедициясының мүшелерi Алматы қаласындағы iс-сапарының алғашқы күнiн 316 атқыштар дивизиясының қолбасшысы, генерал-майор И.В.Панфиловтың немересi Алуа Бақытжанқызы Байқадамова басқарып отырған Әскери-тарихи музейiне барудан бастады. Басым бөлiгiн И.В.Панфиловтың қызы Валентина Панфилованың жинап бастаған жәдiгерлерi 20 мыңнан асып, музей экспозициясын құрап тұр.

Панфиловшылар саябағында орналасқан музейдiң жаңғыртылған экспозициясымен таныстыра келе Алуа Бақытжанқызы музейде тұрған жәдiгерлердi жинаудағы анасының еңбегiне ерекше тоқталды. 316 атқыштар дивизиясының қолбасшысы, генерал-майор И.В.Панфилов пен 316-шы атқыштар дивизиясына (кейiннен «Панфиловшылар» деп аталған) арналған бұрыш музейде ерекше орын алып тұр. Ол жерде генералдың жеке заттары мен кiтаптары, төлқұжаттары қойылған.

Музейде қарапайым алматылықтардың музейге әкелiп тапсырған Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа қатысқан ардагерлердiң жеке заттары мен хаттары сақталған.

Кездесу барысында екi музей арасында ынтамақтастық меморандумына қол қойылып, алдағы уақытта М.Ғабдуллин музейiнде 28 Панфиловшыларға арналған жылжымалы көрме қою туралы келiсiм жасалды.

Экспедицияның екiншi күнi Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң ғылыми қызметкерлерi 1963-1973 жылдар аралығында даңқты жерлесiмiз Мәлiк Ғабдуллин қызмет еткен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жұмыс iстедi.

Бiздi жылы шыраймен қарсы алған директордың ғылыми жұмыс жөнiндегi орынбасары Альмира Қайыртайқызы Қалиеваға Мәлiк батырдың оқ пен оттың ортасында жүрiп жазған, Жеңiстiң 75 жылдығына орай шығарылған «Қазақ баласы», «Сын казаха» кiтабы сыйға тартылды.

Қолжазба қорында жұмыс iстеу барысында Есенсары Құнанбаевтың төте жазумен жазған 75 беттiк» Батыр Мәлiк» поэмасы мен ақын Иса Байзақовтың батыр Мәлiкке арнаған өлеңдерiнiң көшiрмелерi алынды. Осылайша музейдiң негiзгi қоры тағы бiр құнды жәдiгерлермен толығатын болды.

Қолжазба қорындағы материалдарды қарап отырғанда жерлес ғалым, ұзақ жылдар бойы аталған институтта ғылыми қызметкер болып жұмыс iстеген Қарта Қаңтарбаевтың «Момақан Ғабдуллжаббари (Алиев)» туралы жинаған папкасы да көзiмiзге түстi. Ол жерде имамның өмiрбаяны, фотосуреттерi және т.б деректерi жинақталған екен.

Зерттеу барысында қолжазба қорымен танысып, әдiстемелiк көмек көрсеткен институттың ғылыми қызметкерi Елесбай Нұржұмаға алғысымызды бiлдiремiз.

«Батыр, ғалым Мәлiк Ғабдуллин iзiмен» атты ғылыми-танымдық экспедицияның үшiншi күнi «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кiтапханасындағы сирек кiтаптар, қолжазбалар бөлiмiнде жұмыс iстедiк. Бұйырса, музейдiң негiзгi қоры «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы», «Қазақтың мақал-мәтелдерi» атты құнды екi кiтаппен толығатын болды. Болашақта бiрлесiп атқаратын жұмыстарға да келiсiм жасалды.

  

13.09.2021

Қараулар: 1203

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау