Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Бұл күн мың өлiп, мың тiрiлген қазақ халқын жыл сайын толқытып, егiлтетiн, ойлантып-толғантатын азалы күн. 1937-1938 жылдар аралығында елiмiздiң басына орнаған зұлматтан 103 мыңнан астам адам нақақтан қуғын-сүргiнге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесiлдi. Әсiресе қазақ халқы зиялы қайраткерлерiнен, бiлiмдi ұл-қыздарынан айырылып, ғылым мен мәдениет саласында зор шығынға ұшырады.

Осыған орай Мәлiк Ғабдуллин музейi мұрындық болып «Ел бiрлiгi» қоғамдық бiрлестiгiмен бiрлесiп, ағартушы ғалым Науан Хазреттiң, Батыр, академик Мәлiк Ғабдуллиннiң анасы Әлия Оспанқызының, халқымыздың бiртуар кемеңгерi Сәкен Сейфулиннiң перзентi Аянның рухына құран бағышталып, зиярат етiлдi.

Ең әуелi облыстық Науан Хазрет мешiтiнiң Бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы аруақтардың рухына құран бағыштады.

Iс-шарада жазушы, журналист Айдос Абуталипов, Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң директоры, «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Құдайберлi Мырзабек, Сәкентанушы, Сәкен Сейфуллин қорының төрағасы Серiк Оспанов, «Ел бiрлiгi» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Бақыт Смағұл, Ақын, «Рухани жаңғыру» өңiрлiк жобалық кеңсесiнiң жетекшiсi Мерген Тоқсанбай сияқты ел алдында жүрген азаматтар зұлмат заманның құрбан болған боздақтардың өмiр жолынан сыр шертiп, олардың рухы мәңгi бiзбен бiрге екендiгiн тiлге тиек еттi.

Шара осы зиратта жерленген әруақтарға тағзым ету рәсiмi ретiнде гүл шоқтарын қою рәсiмiмен аяқталды.

31.05.2019

Қараулар: 1158

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау