Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Батырлық салты - ұрпақ сабақтастығы»

30 қаңтар осыдан 76 жыл бұрын сұрапыл соғыста жау әскерiн керi шегiнуге мәжбүр еткен Панфилов дивизиясының автоматшылар ротасын басқарған майор даңқты жерлесiмiз Мәлiк Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жоғарғы Президиумның Жарлығы шыққан күн. Осы айтулы күнге арналған iс-шаралар легi М.Ғабдуллин ескерткiшiне гүл шоқтарын қою рәсiмiнен басталды. Көкшетау техникалық институты ұйымдастырған гүл шоқтарын қою рәсiмiне Көкшетау қаласының зиялы қауым өкiлдерi мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Аталған оқу орны бiрнеше жылдан берi Мәлiк Ғабдуллиннiң тұлғасын насихаттауда көп жұмыстар атқарып келедi. Көкшетау техникалық институтының мәжiлiс залында өткен "Батыр — ғалым, ғылыми — ғұмыр" атты семинар соның айғағы. Семинарға М.Ғабдуллиннiң шәкiртi ЕҰУ қазақ әдебиетi кафедрасының профессоры,ф.ғ.д С.Негимов, ҚР қарулы күштер Әскери-тарихи музейiнiң ғылыми кеңесшiсi, тарих ғылымдарының докторы З.Самашев қатысып жиналғандарға М.Ғабдуллиннiң батырлығы мен ұстаздығы жайында кеңiнен әңгiмелеп бердi.

Осылайша М.Ғабдуллиннiң тұлғасын насихаттаған iс — шаралар легi М. Жұмабаев атындағы АОӘК-ның салтанат залында өз жалғасын тапты. Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң ұйымдастыруымен «Жас Ұлан» әскери-патриоттық клуб мүшелерiнiң ант қабылдау рәсiмiне арналған «Батырлық салты — ұрпақ сабақтастығы» және «Абайдың iнiлерi, қазақтың iрiлерi» атты шағын әңгiме форматында шығарма жазған жас қаламгерлер байқауының марапаты өттi.Ант қабылдауға Красный Ярдағы №3 мектеп-гимназиясының Алғашқы әскери дайындық пәнiнiң ұстазы, Жас ғабдуллиншiлдердi тәрбиелеуде үлкен үлесiн қосып жүрген азаматтардың бiрi Есенбек Сабырұлы бастаған оқушылар келдi. Оқтай тiзiлiп тұрған жас ұландардың өмiрлерiндегi ең алғашқы жауапкершiлiкке толы қадамдарын құптап, ант қабылдау рәсiмiнiң алдында «Арқа ажары» газетiнiң директоры, қоғам қайраткерi Жабал Ерғалиұлы Ерғалиев сөз сөйлеп, қазақ ерлерiнiң ертедегi батырлар дәуiрi кезiндегi, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлiктерi туралы сыр шертiп, көзкөрген қариялардың айтқандарынан мысал келтiрiп, жүректерiнде батылдық пен қайсарлықтың отын тұтатты.

Шағын әңгiме жазудан өткен байқаудың әдiл бағасын бергендер: «Арқа ажары» газетiнiң директоры, қоғам қайраткерi Жабал Ерғалиұлы Ерғалиев, "Көкшетау" газетiнiң журналисi Гакку Асылбекқызы, ақын Қуаныш Оспанов болды.

Марапаттау рәсiмi жүлделi 3 орын алған оқушыдан басталды. №10 ОМ оқушысы Аманбек Нұрсәуле арнайы дипломға қоса, «Көкшетау» газетi ұжымынан естелiк сыйлықпен марапатталды.

Жүлделi 2 орын иегерi Мәлiк Ғабдуллин атындағы көптiлде оқытылатын мектеп-гимназиясының оқушысы Бураканова Дильназ «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының редакторы Берiк Қайдарұлының қолынан арнайы диплом мен естелiк сыйлықты қабылдады. Өмiр бойы естелiкке қалатын «Жас қаламгер» деген жазуы бар қауырсын қалам бейнеленген мүсiн мен арнайы дипломды №6 орта мектеп оқушысы Меруерт Түсiпбаеваға «Арқа ажары» газетiнiң директоры, қоғам қайраткерi Жабал Ерғалиұлы Ерғалиев табыстады. Байқауда бақ сынаған оқушыларды дайындаған ұстаздар да Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң директоры Құдайберлi Рахымбекұлы Мырзабектiң қолынан алғыс хаттармен марапатталды.

30.01.2019

Қараулар: 1541

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау